Соңғы 7 жылда елде 300-ден астам мәдени нысан ашылды
Қазақстанда соңғы 7 жылда мәдениет саласында 300-ден астам жаңа нысан пайдалануға берілді, деп хабарлайды 24KZ.
Бұл – ел тарихында осындай қысқа уақыттың ішінде бұрын-соңды болмаған ауқымды құрылыс. «Жалпы мәдениет саласының кейінгі жылдардағы жетістігі мол», – дейді ведомство өкілдері. Себебі қазақ мәдениеті кино және театр сахнасы арқылы әлемге таныла бастады. Тың туындылар да көрермен көзайымына айналып келеді.
Жаңа мәдениет үйлері бой көтерді
Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, соңғы жылдары мәдениет саласының инфрақұрылымына көп көңіл бөліне бастады. Нәтижесінде 2019-2026 жылдар аралығында 312 жаңа нысан пайдалануға берілген. Олардың басым бөлігі – мәдениет үйлері. 161 нысан аудан, ауылдарда бой көтерген. Сонымен қатар 2 мәдениет сарайы, 89 ауылдық клуб, 3 театр, 15 музей, «Руханият» орталықтарын қоса алғанда 32 өнер және мәдени-демалыс мекемелері мен 10 кітапхана салынған. Сондай-ақ соңғы жылдары 771 нысанға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліпті. «Ал қазір ауылдық мәдениет үйлерінде музыкалық аппаратура мен сахнаны заман талабына сай жабдықтау жұмыстары жүріп жатыр», – дейді ведомства өкілдері.
Досбол Әбдірейісов, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мәдениет комитеті төрағасының орынбасары:
– «Қазақстан халқына» қоғамдық қорымен бірлесіп, «Мәдени даму алаңы» деген үлкен жоба іске асырылуда. Жалпы 17 өңірде 34 жоба, әр өңірде 2 жобадан. Оның аясында бүкіл материалдық-техникалық жабдықталуын заманауи тұрғыда бәрін жаңартып, осындай халыққа қолжетімді қылып жасап жатыр. Сонымен қатар өздеріңіз білетіндей, «Әділет» партиясының «Әділетті болашақ үшін» сайлауалды бағдарламасы аясында 2031 жылға дейін жалпы жоспар бойынша 202 нысан осы нақты мәдениет саласында салу көзделген.
Отандық кино 30 млрд теңгеге жуық касса жинады
Мәдениет саласындағы маңызды бағыттардың тағы бірі – кинематография. Саланы қолдауға 2019 жылғы қабылданған «Кинематография туралы» заң негіз бола білді. Осылайша 2019-2025 жылдар аралығында мемлекеттік қолдаудың арқасында 149 кино жобаны жүзеге асыру жоспарланып, оның 124-і толық түсіріліп бітті. Кино сыншысы, белгілі сарапшы Дана Әмірбектің сөзінше, олардың біразы бүгінде отандық кино кеңістігінде ойып тұрып орын алды.
Дана Әмірбек, кино сыншысы:
– Соңғы жылдары «Киноны қолдау орталығының» қаржыландыруымен белгілі бір жетістіктерге жетуде. Оның ішінде тек авторлық фильмдер емес, сонымен қатар жанрлық фильмдер де касса жинап, көрерменнің көзайымына айналуда. Оның ішінде «Қайтадан» фильмін мысал ретінде алуға болады. Ол – өзінің салған қаржысын 2-3 есе қайтара білген туынды.
Иә, отандық фильмдердің прокаттағы саны да артып келеді. 2024 жылы экранға 94 қазақстандық фильм шықса, 2025 жылы олардың қатары 100-ден асты. Ал кинотуындылардың жалпы кассалық жинағы 30 млрд теңгеге жуықтаған.
Дана Әмірбек, кино сыншысы:
– Жалпы Қазақстан киногерлері өте бақытты деп есептеймін. Өйткені кез келген мемлекетте киногерлерді мемлекет тарапынан қолдай бермейді, қаржыландыра бермейді. Сондықтан бүгінгі таңда біздің жас дарындарымыздың өзін көрсетуіне, өздерінің шығармашылықтарын паш етуге, өрлеулеріне, өсулеріне осы мемлекет тарапынан қаржы бөлініп, қолдау көрсетілуі өте үлкен бір жақсылық деп есептеймін.
Соңғы жылдары мемлекеттің қолдауымен түсірілген айтулы фильмдердің қатарында «Капитан Байтасов», «Фейковый Арман», «90+1», «Тарлан», «Игроманка», Joqtau, «Ароматты жүрек» және «Тезек» картиналары бар. Биыл олардың тізімі «Гипноз», «Жұмақ билеті», «Күзгі самал», «Құт» секілді жобалармен толықты. «Бірақ прокаттың аздығынан көбі көрерменге етене таныс емес», – дейді сарапшы.
Дана Әмірбек, кино сыншысы:
– Көп жағдайда мемлекеттік фильмдер продюсерлік тараптан, дистрьюбиция жағынан әлі де ақсауда. Өйткені мысалы, бізде мемлекетте иә киноға миллиардтап қаржы салады. Бірақ киноның түсіріліміне ғана бөлінген қаржы оның дистрьюбицияна, прокатына қалмайды өкінішке қарай. Сол себепті де біздің фильмдер кинофестивальдерде орын алып, жеңімпаз болып келгенімен де көрерменге жете бермейді. Сондықтан менің пікірімше, қаржыны тек фильмді түсіруге ғана емес, сонымен қатар оның дистрьюбицияна, прокатына да алдын ала бөлуді қарастыру керек.
Қазақстандық кино әлемде де үздік
«Қазақстандық фильмдерді шет елдерде де насихаттау кем түсіп жатқан жоқ», – дейді жауаптылар. Мәселен, «Ақын» фильмі Токио халықаралық кинофестивалінде үздік режиссура жүлдесін алса, Фархат Шариповтің «Схема» картинасы Берлин кинофестивалінің Generation секциясында Гран-приге ие болды. Бір ғана 2024 жылдың өзінде жеті ұлттық фильм жалпы саны 34 халықаралық жүлдені жеңіп алған. Ал «Бауырына салу» фильмі Қазақстан атынан «Оскар» сыйлығына ұсынылды. Сондай-ақ қазақстандық кино күндері Франция, Италия және Норвегиядан бастап Жапония, Сингапур, Түркия, Әзербайжан мен Өзбекстанға дейінгі 30-дан астам елде өткізілді.
Авторлары: Дамир Берікұлы, Бағдат Қайыркен