«Әділет» жастары «Оқырман ұрпақ» жобасын іске қосты
1500-ге жуық жас «Әділет» партиясы жастар қанатының «Оқырман ұрпақ» жобасына қатысады. 17 облыс пен 3 республикалық маңызы бар қаладағы бастама жастардың кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға бағытталған.
Жоба «Бір ай – бір кітап – бір кездесу» қағидатына негізделген. Яғни ай сайын бір шығарма таңдалып, оның мазмұны бірге талқыланады. Бастамаға өңір жастары да белсенді қосылып келеді. Жобаның алғашқы кездесуі Батыс Қазақстан облысында өтіп, кітапқа деген қызығушылықты арттырудың заманауи тәсілдері сөз болды.
Ерлік Шамғали, «Әділет» партиясы жастар қанаты Батыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы:
- Қазіргі ақпараттың көптігі технологиялардың қарқынды дамуына байланысты күнделікті смартфон, гаджетті пайдаланған жастардың кітап оқуға қызығушылығы болмауы мүмкін. Сондықтан да біздер осы жеңіл технологияларды пайдалана отырып, жастардың кітапқа деген қызығушылығын арттыруға өзіміздің септігімізді тигіземіз деген ойдамыз.
Түркістан облысы да бұл бастамадан қалыс қалмады. Мұнда оқырман клубының жұмысын түрлі форматта жалғастыру жоспарланып отыр. Соның ішінде пікірсайыс пен интеллектуалды ойындарға басымдық берілмек.
Еркебұлан Мадиярұлы, «Әділет» партиясы жастар қанаты Түркістан облыстық филиалының төрағасы:
- Бұл оқырман клубының жұмысын алдағы уақытта түрлі форматта жалғастырғымыз келеді. Тек дөңгелек үстелде бас қосып, кітап бойынша 2-3 сұрақ қойып, әркімнің жауабын тыңдаумен шектелмей, куиздер, пікірсайыстар өткізуді жоспарлап отырмыз. Қазіргі уақытта интеллектуалды ойындар үлкен тенденцияға айналып келе жатыр.