Жетісу облысында 87 ветеринариялық мекеме салынды
Президент бұйрығымен Жетісу облысы құрылғалы аймақта 87 ветеринариялық мекеме салынды. Сонымен қатар 80-нен аса арнайы көлік сатып алынып, тиісті құрал-жабдықтармен жабдықталған, деп хабарлайды 24KZ.
«Мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде сақтық шаралары күшейтіліп, жұқпалы мал ауруы тіркелген жоқ», – дейді мамандар.
Ескелді ауданындағы Жалғызағаш ауылының ветеринарлары ірі қараны бруцеллезге қарсы тексере бастады. Күздік науқанға Мерғалым Ануарұлы жетекшілік етеді. Тәжірибелі маман сынама алудан бөлек, тұрақты түрде ем-дом шараларын жасайды.
Мерғалым Ануарұлы, Жалғызағаш ауылдық ветеринариялық пункт меңгерушісі:
– Аусыл ауруына жылына екі рет, қарасан ауруына және жүйелі дерматитке қарсы егеміз. Сол ауруларға қарсы вакцинация жүргізудің нәтижесінде бұл аурулар кездеспейді. Жұқпалы аурулар болған да жоқ.
Төрт түлікке жұғатын аурулардың алдын-алу – машақаты мол іс. Мал дәрігерлерінің жұмысын жеңілдету үшін мемлекет есебінен ауылға ветпункт тұрғызылып, екпе салатын арнайы орын әзірленді. Темір қоршау сүт өндірісімен айналысатын Әділ Қапалов сынды шаруаларға да қолайлы.
Әділ Қапалов, шаруа қожалығының жетекшісі:
– Малдың бәрі осы жерде. Жылқыларын да айдап келеді жігіттер. Соның бәрі осы ауылға жасалып жатқан жақсылық қой. Сондықтан қуанбасақ, ренжімейміз. Бәрі жақсы болды.
Ветеринарлар 14 түрлі жұқпалы вирусқа қарсы екпе салады. Олардың мәліметінше биыл облысқа 11 млн 800 мыңнан астам вакцина беріліп, соның басым бөлігі үй жануарларына егілген. Өңірде індеттің алдын алумен қатар ауру малдарды жоятын қорымдар да қарастырылған.
Шыңғыс Қалиден, тілші:
– Жетісу облысында мал өлексесін көметін 70 арнайы орын бар. Оған қоса биыл тағы 47-сінің құрылысы басталады. «Аталған нысандар салынып біткен кезде өңірдегі қажеттілік толығымен өтеледі», – дейді мамандар.
Сала қызметкерлеріне арналған ғимарат мәселесі де алдағы уақытта түбегейлі түрде шешіледі. Себебі кейінгі үш жылда аймақта 87 ветеринарлық мекеме салынды. Соның 20-сы осы жылы пайдалануға беріледі.
Нұрлан Жамаубаев, облыстық Ветеринария басқармасының басшысы:
- Қазіргі уақытта 16 ветеринариялық пункттің 10-ы салынып бітті, алтауының құрылысы аяқталуға жақын. 4 ветеринариялық станция жұмысын бастады. Осы төрт ветстанцияны қоса алғанда, 16 ветеринариялық пункт салынғаннан кейін Жетісу облысындағы 117 ауылдық округ толықтай ветеринариялық станциялар мен пункттермен қамтылатын болады. Одан бөлек, үш жылда 82 автокөлік алынды.
Облыс аумағындағы төрт түліктің саны 2 млн 800 мыңнан асады. «Мал дәрігерлері жүйелі жұмыстың нәтижесінде өңірдегі эпизоотиялық жағдай тұрақты деңгейде сақталып отыр», – дейді.
Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев