Ақтауда қазақ-корей дәрігерлері бас қосты

Ақтауда қазақ-корей дәрігерлері бас қосты. Жиын екі елдің денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастығын нығайтып, медициналық қызметке заманауи технологияларды енгізу мүмкіндіктерін кеңейтуге арналды. Симпозиум аясында Қазақстанда және Оңтүстік Корея Республикасында жасалған цифрлық жабдықтар көрмесі өтіп, облыс орталығында заманауи үлгідегі телемедицина кабинеті іске қосылды, деп хабарлайды 24KZ.

Оңтүстік Корея Республикасы денсаулық сақтау саласын цифрландыру, жасанды интеллектті медициналық диагностикалау, телемедицинада көмекші құрал ретінде қолдану жағынан озық тәжірибеге ие. Демек, корей дәрігерлерінің елімізге сапары өңірлерде денсаулық сақтау жүйесін цифрлық трансформациялауға серпін берері анық. Жиынға оңтүстік кореялық жетекші емханалардың және Вэйсен, Мэнинблокс секілді алпауыт компаниялардың өкілдері келді.

Ко Дон Хён, «Әулие Мария» халықаралық емханасының президенті / Оңтүстік Корея:

– Маңғыстауға биыл екінші рет келіп тұрмыз. Мамыр айындағы сапарымызда аймақ дәрігерлерімен арада әріптестік меморандумға қол қойылды. Бұл жолы делегация құрамында 7 компанияның мамандары бар. Олар өндіретін заманауи медициналық құралдар науқастың жағдайын жасанды интеллект негізінде диагностикалауда кеңінен қолданылады. Ендігі мақсатымыз – осы бағытта жиған тәжірибемізбен бөлісу.

Ербол Оспанов, ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі:

– Келген қонақтарымызбен бірге облыс әкімі де айтып жатыр, біздің мамандарды сол Кореяға жіберіп, оқытып алу. Технологияларды қалай пайдалану керек екенін, қалай жұмыс істеу керектігін. Ол технологияларды, құрал-жабдықтарды алып келу – бір мәселе. Сонымен жұмыс істеп білу керек. Сондықтан сол кісілердің қолдауымен сапалы телемедициналық көмек көрсетеміз деген ойдамыз.

Симпозиум аясындағы көрмеде корей делегациясы жасанды интеллект көмегімен радиологиялық зерттеулерді автоматты талдау, өкпе функциясын цифрлық зерттеу, көз түбін диагностикалау, жүрек-қантамыр қаупін бағалау бойынша медициналық қызмет тиімділігін арттыруға бағытталған технологияларды таныстырды. Бұл бағытта отандық өндірушілер де құр алақан емес. Мәселен, инсульт сырқатын ерте жастан анықтау жобасы елде 5 жыл бойы сынақтан өтіп, өзінің тиімділігін байқатқан.

Бексұлтан Шәкімов, жоба үйлестірушісі:

– ІТ-бағдарлама нейрорадоилогия және нейрохирургия бағытында емдейтін дәрігерлерге мидың зақымдану аймағын жылдам анықтауға көмектеседі. Науқасты КТ аппаратына түсіру қорытындысын бірер минут ішінде зерделеп, инсульт болуы мүмкін немесе болған бөлігін мониторға шығарады.

Халықаралық шараның тағы бір маңызды тұсы – Ақтауда телемедицина кабинеті іске қосылды. Бұл бастама аймақ дәрігерлерінің шетелдік әріптестерімен қашықтан тәжірибе алмасу мүмкіндігін кеңейтуге мүмкіндік береді деп күтіледі.

Талғат Исламұлы, тілші:

– Телемедицина кабинеті Ақтаудағы көпбейінді аурухана базасында ашылды. Бұл жерде дәрігерлер облыс орталығынан шалғай ауылдағы амбулаторияда емделуші науқасқа қандай ем-шара тағайындау жөнінде пікір алмасады.

Жиын бағдарламасында Маңғыстаудың медициналық ұйымдары мен Оңтүстік Корея Республикасының технологиялық компаниялары қызметкерлерінің арасында B2B және B2G форматында кездесулерді өткізу жоспарланған. Айта кетсек, оңтүстік кореялық мамандар өңірдегі емдеу мекемелеріне қажетті медициналық және телемедициналық жабдықтарды табыстауға ниетті. 

Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев

Сондай-ақ оқыңыз: