Сырдариядағы су есебі цифрлық жүйеге көшіріледі
Дәл қазір Шардара су қоймасында 3 миллиард 690 миллион текше метр су бар.
Бұл - мамандар болжаған межеден әлдеқайда жоғары көрсеткіш. Оңтүстікте егін суғару науқаны аяқталған соң, су қоймасын толтыру жұмысы жүріп жатыр. Ал Орталық Азия елдері үшін су мәселесі әлі де маңызды. Әсіресе трансшекаралық өзендердің суын тиімді әрі әділ бөлу күн тәртібінен түскен жоқ. Енді тараптар бұл процесті цифрландыруды көздеп отыр. Ортақ су қалай есептеліп, қалай бөлінеді? Жаңа цифрлық жүйе бұл мәселеге қандай өзгеріс әкеледі?
Сырдарияның арқасында бақша да, мақта мен күріш те бітік шықты. Қазір диқандар өнім жинауда. Оның бір бөлігі экспортталады, қалғаны ішкі нарыққа керек.
Садық Бөгенбаев, диқан:
- Былтырға қарағанда жақсы. Ағын суға суарылып жатыр. Достық ауылы — бұл Шардара ауданының ең соңғы ауылы. Арғы жағы - Арыс ауданының шекарасы. Әйтеуір сол тіршілік.
Нұрлан Жақыпбеков, тілші:
- Сырдария — тарихы терең, ағысы тұрақсыз өзен. Ол ғасырлар бойы табиғат пен климаттың талай өзгерісін көрді. Бүгінде Сырдарияның тағдыры тек таудан қанша су аққанына байланысты емес. Ең бастысы — жолда оның қаншасы жұмсалып жатқанында. Өйткені бұл ортақ өзен. Оның суын бір мезгілде бірнеше мемлекет пайдаланып отыр.
Сырдария Қырғызстанның тауларынан басталып, Өзбекстан мен Тәжікстан арқылы өтіп, ең соңында Қазақстанға жетеді. Судың әділ әрі жеткілікті бөлінуі үшін көрші елдер өзара келісімге келді. Орталық Азия мемлекеттері су көлемін автоматты түрде нақты есептеп отыратын ортақ жоспарды мақұлдады.
Сейтқасым Әбуов, «Арал-Сырдария бассейндік су инспекциясы» РММ басшысының м.а.:
- Ол шешім бойынша Сырдария өзенінде Қазақстан мен Өзбекстан Республикасының, Сырдария өзенінде 10 гидробекетін автоматтандыру қарастырылған. Бұл суды су тапшылық, қуаңшылық жылдары, уақытылы шешім қабылдауға, суды бөлуге септігін тигізетін болады.
Жаһандық климаттың өзгеруінен мұздақтар тез ери бастады. Су қоры азайып барады. Өзен ағынын да болжау қиын. Сарапшылардың айтуынша, судың нақты көлемін цифрлық жүйемен үздіксіз бақылаудың басты себебі осыдан туындап отыр.
Карл Анзельм, су шаруашылығы саласының ардагері:
- Мұздықтардың негізгі бөлігі еріп таусылған соң, су ағыны тек жаңбырға тәуелді болып қалады. Суды бөлгенде осы факторды міндетті түрде ескеру керек. Қазір Су ресурстары және ирригация министрлігі 8 бассейн бойынша, соның ішінде Сырдария бойынша су ресурстарын пайдалану схемасын әзірлеп жатыр. Осы мәселені де есепке алып, алдын ала болжау өте маңызды.
"Сырдария суының сапасын да жіті бақылауда ұстау қажет", - дейді мамандар.
Еркебұлан Райымбеков, Ecogreenlab ғылыми-зерттеу зертханасының менеджері:
- Біздің зерттеулерімізге сәйкес өзеннің кейбір бөліктерінде, кейбір жерлерінде антропогендік ауытқулар бар екені анықталды. Оны толықтай зерттеу әлі де қажет етілетіндігін айта кеткеніміз жөн. Бұған қоса, Орталық Азиядағы ең үлкен өзендердің бірі ретінде есептелгендіктен және төрт республиканың жерін кесіп өтетіндіктен, бұл жерде жалпыдай Сырдария өзені толыққанды ластанды деп біз айтуымыз толыққанды болмайды.
Биыл елімізде егін судан тапшылық көрген жоқ. Шардара су қоймасына межеленген мөлшерден 840 миллион текше метр артық су жиналды. Дегенмен, мамандар арқаны кеңге салу ерте екенін ескертеді. Сондықтан өзен суының нақты көлемін анықтап, оны тиімді пайдалану керек.
Нұрлан Жақыпбеков, Катерина Попкова