Мерзімді депозиттердің көлемі 20% өсті
Қазақстандықтар депозитке қор жинауды күшейтті. Ұлттық банк дерегінше, отандастарымыздың шотындағы қаражат 30 трлн теңгеден асқан. Азаматтардың қолда барын келешек қоржынына сала бастауына не себеп? Депозит нарығында қандай өзгеріс бар? Бұл туралы 24KZ хабарлайды.
Отандастарымыз қаражатының басым бөлігін мерзімді депозиттерде сақтай бастаған. Олардың көлемі бір жыл ішінде 20% артып, 27 трлн теңгеге жуықтап отыр. Ұлттық банк бұл үрдісті банктер ұсынатын тиімді мөлшерлеме мен ыңғайлы қаржылық құралдардың көптігімен байланыстырады.
Асан Ахметжан, ҚР Ұлттық банкі баспасөз қызметінің жетекшісі:
– Банктер арасындағы бәсеке өте жоғары болғандықтан, әрбір банк өз клиенттерін сақтап қалу немесе жаңа клиенттер тарту үшін тиімді шарттар ұсына бастады. Бұл, ең алдымен, тұтынушылар үшін тиімді. Себебі олар банктер арасындағы бәсекелестіктің арқасында өздеріне ең қолайлы әрі ұтымды өнімді таңдай алады.
Депозиттердің көлемі бірнеше жыл қатарынан артып келеді. Кейінгі бес жылда азаматтардың жинақтары екі жарым есе көбейген. Ал жылдық өсім 21 пайыз. Он жылда тіпті төрт есе артып отыр. Экономист Марат Қайырленов салымдардың көбеюіне нарықтағы ахуал да себеп екенін айтады.
Марат Қайырленов, Consulting Group компаниясының директоры:
- Депозиттер көлемінің өсуі халықтың кірісі артқанын көрсетеді. Екінші жағынан, басқа да табыс көздерін қарастырайық. Жылжымайтын мүлік нарығындағы жағдай тұрақсыз. Ал бағалы қағаздар нарығы дамып келеді. Мәселен, ашылған брокерлік шоттардың саны 7 млн-ға жуықтаған. Бұл – жоғары көрсеткіш. Дегенмен халық үшін депозит сенімді қаржы құралдарының бірі болып қалып отыр.
Мамандардың сөзінше, макроэкономикалық ахуалдың тұрақсыздығы депозиттерге деген сенімді нығайтып отыр. Дегенмен салымдардың көлемі алдағы уақытта саяси, экономикалық жағдайға қарай құбылады. «Сондай-ақ қаржы институттарының тиімді әрі азаматтарға ыңғайлы өнімдер ұсына білуі де маңызды», – дейді сарапшылар.
Авторлары: Серік Селеубайұлы, Нұрсая Эльбрусова, Артур Горшняков