435 мыңнан астам азамат «Ұлттық қор балаларға» қаражатын алды

435 мыңнан астам азамат «Ұлттық қор балаларға» бағдарламасымен қаражатын алды. Олардың шотына 98 млн доллар аударылды. Бұл туралы «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» хабарлады. Өтінімдердің дені баспана алуға, қалғаны оқу ақысын төлеуге бағытталды. «Ұлттық қор балаларға» жобасымен түскен ақшаны қайдан және қалай білуге болады? Бұл туралы 24KZ хабарлайды.

Биыл 240 мың азамат «Ұлттық қор – балаларға» жобасы бойынша қаржы алды. Арнайы шоттардан 69 млн доллар алынды. Оның 70%-ға жуығы баспанаға жұмсалса, қалғаны білім алуға бағытталды. «Ұлттық қор – балаларға» жобасымен бөлінген қаражатты тек осы екі мақсатқа пайдалануға болады.

Мұрат Шәріпов, «БЖЗҚ» АҚ басқарма төрағасының орынбасары:

– 2024 жылы бірінші ақпаннан бастап, 2026 жылғы 1 қарашаға дейін 435 мыңнан астам азамат өзінің қаражатын алды. Сол өтінім берген азаматтардың шотына 97,5 млн АҚШ доллары аударылды. Оның ішінде 286 мың азамат тұрғын үй жағдайын қолдануға арнаса, қалғаны білім мекемелерінің ақысын төлеуіне жұмсалды.

Кәмелетке толмаған балалардың бұған дейін жиналған қаражатына жыл сайын қосымша инвестициялық кіріс есептеледі.

Дегенмен бұл мүмкіндікті қолданбағандар да көп. Қор ақпаратына сәйкес 18-ге толған азаматтардың жартысына жуығы шоттағы ақшасын алмаған. Президент тапсырмасымен 2024 жылы басталған жоба өскелең ұрпақтың жағдайын жақсартуға бағытталған. Соған сай «Ұлттық қордан» әр балаға жыл сайын 100 доллардан астам қаржы арнайы шотқа түсіп тұрады. Жинақ бала 18-ге толғанша инвестициялық басқаруда болып, одан түскен табыс есебінен көбейеді.

Мұрат Шәріпов, «БЖЗҚ» АҚ басқарма төрағасының орынбасары:

- Біздегі ақпарат бойынша, азаматтарымыздың 40 пайызы Ұлттық қордан бөлінген қаражатты әлі пайдаланбаған. Олар – 2006, 2007 және 2008 жылы туған азаматтар. Ал 2008 жылы туған азаматтарымыздың кәмелет жасқа толуына дейін жылдың соңына дейін бір-екі ай уақыт қалды. Олар 18 жасқа толған сәттен бастап қана бұл қаражатты пайдалану мүмкіндігіне ие болады.

«Ұлттық қор – балаларға» жобасы аясында 6 миллион 918 мың баланың есепшотына 2,5 миллиард долларға жуық қаражат аударылды. Баланың шотын ата-аналар бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының сайтынан немесе егов порталынан тексере алады. Ал 18 жасқа толған соң бұл ақпарат тек шоттың иесіне қолжетімді. Алынбаған ақша қорда 10 жыл сақталады.

Авторлары: Ғазиза Мұхамеджанова, Асхат Қарақойшиев

Сондай-ақ оқыңыз: