Жеке меншік үйлерде 200-ден астам дабыл қондырғысы орнатылды
Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары елорданың жеке меншік үй секторында 200-ден астам датчик орнатып, 35 түтін мұржасын тазартты.
Жылыту маусымында өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша профилактикалық жұмыстар жалғасып жатыр. Қазір қалада шамамен 25 мың жеке тұрғын үй бар. Ведомство есебінде әлеуметтік осал топтарға жататын 695 отбасы тіркелген. Мамандар үйлерді аралған кезде жылыту жүйелері мен электр сымдарын тексеріп, тұрғындарға сақтық шараларын түсіндіреді. Айта кетерлігі, қазан айында жеке меншік сектордағы бір баспанадан өрт шықты. Ал былтыр дәл осы уақытта 4 жағдай болған.
Ербағлан Полатов, қалалық ТЖД мемлекеттік Өрт бақылау басқармасының бас маманы:
- 2023-2025 жылдары жылыту маусымы кезінде әлеуметтік осал топтағы отбасылардың үйлерінде қысқа тұйықталу салдарынан өрт қаупі туындаған жағдайлар болды. Түнде түтін немесе улы газ шыққан кезде датчик іске қосылып, отбасы мүшелері оянып, дер кезінде эвакуацияланған. Осылайша, олардың өмірін сақтап қалуға мүмкіндік туған.