Энергетикалық нысандардағы жөндеу аяқталуға жақын

Энергетикалық нысандардағы жөндеу жұмыстары уақытылы аяқталады. «Самұрық-Қазына» Қоғамдық кеңесінің отырысында жылыту маусымына дайындық пысықталды. Болат Жәмішевтің төрағалығымен өткен кезекті отырысқа Қордың екі портфельдік компаниялары – «Самұрық-Энерго» мен «KEGOC» қатысты. Олар жылу нысандарын жөндеу мен инфрақұрылымның тұрақты жұмысын қамтамасыз ету шаралары туралы есеп берді, деп хабарлайды 24KZ.


«Самұрық-Қазына» Қоғамдық кеңесінің отырысында алдағы жылыту маусымына дайындық барысы сөз болды. Биыл «Самұрық-Энерго» компаниялар тобының энергетикалық нысандарында 111 негізгі жабдық жөндеуден өтіп жатыр. Атап айтсақ, 19 күрделі, 5 кеңейтілген және 87 ағымдағы жөндеу өтеді. Оның ішінде қазандықтар, турбиналар, электр беру желілері мен қосалқы станциялар қамтылған. Басты міндет – техникалық дайындықты арттырып, қыстан кедергісіз өту.

Қайрат Мақсұтов, «Самұрық-Энерго» АҚ басқарма төрағасы:

– Жалпы жөндеу жұмыстары белгіленген кестеге сай жүріп жатыр, қазір аяқталу сатысында. Біз жөндеу барысын тұрақты бақылауда ұстап отырмыз.

«Самұрық-Энерго» елде жаңа қуат көздерін дамытуда маңызды рөл атқарады. Қазақстанда 2035 жылға дейін пайдалануға берілетін жаңа қуат көлемінің тең жартысына жуығы «Самұрық-Энерго» жобаларына тиесілі. «Самұрық-Қазына» Қоғамдық кеңесінің отырысында осы ауқымды бастамаларды іске асыру тетіктері талқыланды.

Қайрат Мақсұтов, «Самұрық-Энерго» АҚ басқарма төрағасы:

– Қоғамдық кеңес отырысында бүгінде «Самұрық-Энерго» жүзеге асырып жатқан инвестициялық жобалар портфелін ұсындық. Ол 20 жобадан тұрады, олардың белгіленген қуаты 12,7 гигаватқа тең. Ал жобалардың жалпы құны шамамен 13 трлн теңгеге жетеді.

Жөндеу жұмыстары бекітілген мерзімде аяқталуы тиіс. Отырыста энергетикалық нысандардың үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету басты мәселе екені айтылды.

Авторлары: Ғазиза Мұхамеджанова, Диас Ковланбаев, Саят Башимов

Сондай-ақ оқыңыз: