Варшавада Қазақстанның сот реформалары таныстырылды
Қазақстанда азаматтар мен мемлекеттік органдар арасындағы сот даулары бойынша шешімдердің шамамен үштен екісі азаматтардың пайдасына шешіледі. Бұл туралы Варшавада өтіп жатқан Еуропалық Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымының Адами өлшем жөніндегі конференциясында айтылды. Жиынның бесінші күні заң үстемдігі, сот тәуелсіздігі, әділ сот талқылауы және демократиялық заң шығару мәселелеріне арналды. Қазақстандық делегаттар сот жүйесіндегі қандай өзгерістерді таныстырды, деп хабарлайды 24KZ.
Айдана Айтбекқызы, тілші:
– Қазақстанда судьялар тек сот төрелігін жүзеге асырумен айналысады. Ал кадр мәселелері Жоғары Сот Кеңесінің, ұйымдастыру және техникалық жұмыстар Сот әкімшілігінің құзыретіне берілген. Міндеттерді осылай бөлу судьялардың тәуелсіздігін нығайтып, істерді жан-жақты әрі мұқият қарауына мүмкіндік береді. Қазақстандық делегаттар сот жүйесіндегі осы және өзге де өзгерістерді адам құқықтарын қорғауға арналған Варшавадағы конференцияның бесінші күнінде таныстырды.
Реформаның тағы бір бағыты – сот төрелігінің қолжетімділігін арттыру. Былтыр шілдеден бастап Қазақстанда дербес кассациялық соттар жұмыс істейді. Енді сот шешімдеріне берілген шағымдар бұрынғыдай алдын ала іріктеуден өтпейді. Бұл өзгерістер сот жүйесінің әділдігі мен ашықтығын арттыруға бағытталған.
Артур Ластаев, ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкілі:
– Әкімшілік әділет жүйесі өзінің тиімділігін дәлелдеді. Қазір азаматтар мен мемлекет арасындағы даулар бойынша қабылданған шешімдердің шамамен үштен екісі азаматтардың пайдасына шешіледі. Енді сот актілерін қайта қарау туралы барлық өтініш кассациялық сатыға жолданады. Бұл ретте оның қылмыстық іс бойынша үкім, азаматтық іс бойынша шешім немесе әкімшілік құқық бұзушылық туралы қаулы болуы маңызды емес.
Реформалар судьяларды іріктеу тәртібін де қамтыды. Енді үміткерлер бірнеше кезеңнен өтеді. Халықаралық қауымдастық алдында баяндама жасаған судья Айым Шаяхметованың айтуынша, цифрлық сот төрелігі де қатар дамып келеді. Азаматтар талап-арызды онлайн беріп, сот отырыстарына бейнебайланыс арқылы қатыса алады. Қоғамдық маңызы бар кей сот процесі тікелей эфирде көрсетіледі.
Айым Шаяхметова, Астана қаласы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының судьясы:
– Жоғары Сот Кеңесінің жұмысы күшейтіліп жатыр. Қазір судья лауазымына үміткерлерді іріктеу бірнеше кезеңнен тұрады. Жоғары Сот Кеңесінің академиясы жанынан ғылыми докторантура құрылды. Ол іріктеудің ашықтығын арттыруға бағытталған. Елімізде әкімшілік әділет жүйесінің жұмыс істей бастағанына бес жыл болды. Бұл институт азаматтардың мемлекетпен арадағы дауларда өз құқықтарын қорғауы үшін құрылған. Дерекке жүгінсек, мұндай даулардың 60 пайызы қарапайым азаматтардың пайдасына шешіледі.
Конференцияда сот тәуелсіздігімен қатар азаматтардың сот төрелігіне қол жеткізу мүмкіндігі де талқыланды. Кәсіби әлеуметтік қызметкерлер альянсының директоры Динара Есімова бұрын сотталған азаматтарды қоғамға қайта бейімдеу арқылы қылмыстың қайталануының алдын алу бойынша Қазақстанның тәжірибесімен таныстырды. Сала мамандарының айтуынша, елімізде жүргізіліп жатқан реформалар заң үстемдігін нығайтып, соттардың тәуелсіздігін арттыруға және азаматтардың құқықтарын қорғау жүйесін жетілдіруге бағытталған.
Авторлары: Айдана Айтбекқызы, Руслан Өміржан