Петропавлда келесі жылы 100 аула абаттандырылады
Келесі жылы Петропавлда «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасымен 100 аула абаттандырылады. Тұрғындар өз үйінің ауласына қандай өзгеріс керектігін өздері айтады. Жұмыстың сапасы мен орындалу мерзімін де бақылап отырады. Қажетті қаражат қала бюджетінен бөлінеді. Жоба жүзеге асқалы облыс орталығында 80 аула жаңарып, тұрғындарға қолайлы жағдай жасалды. Жалпы аталған жоба жүзеге асқалы, елде мыңдаған аула жаңа кейіпке енді, деп хабарлайды 24KZ.
Шолпан Есенеева бірнеше жыл бұрын Петропавлға Ресейден көшіп келген. Зейнеткердің айтуынша, ол тұратын үйдегі күтім көрмей, қараусыз қалған аула жаңғыртылып, көркейіп, адам танымастай өзгеріпті.
Шолпан Есенеева, қала тұрғыны:
– Мен бұған қатты ризамын. Біз осында көшіп келгенде, бұрын Қизатов көшесінде тұрғанбыз. Ол кезде мұндай жағдайдың бірі де жоқ еді. Қазір, міне, отыратын орындардың бәрі бар. Балалар мына жерде ойнаса, әжелер отыратын орын да ана жерде орналасқан. Бәрі көз алдымызда.
Аула «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында абаттандырылды. Бұл жоба арқылы азаматтар өз ұсынысын айтып, тұратын жерін көркейтуге атсалысады. Қала тұрғыны Бейбіт Қожанов көршілермен бірлесіп, ауланы өзгерту жобасын өздері жасаған. Айта кетейік, Конституцияның 35-бабына сәйкес азаматтардың мемлекет ісін басқаруға қатысуға және мемлекеттік органдарға тікелей өтініш жолдауға құқығы бар.
Бейбіт Қожанов, қала тұрғыны:
– Басында бәрі біз қалағандай болған жоқ. Содан кейін белсенді тұрғындармен бірігіп, ауланы қалай өзгертуге болатынын ақылдастық. Бұл жоба бізге керемет мүмкіндік берді. Өз қалауымызша біраз жұмысты атқардық. Уақыт өте келе ағаштар егіп, гүлзарлар жасадық. Ауламыз айтарлықтай көркейіп, көз сүйсінерлік күйге енді.
Тимур Жұманов, қала әкімінің баспасөз хатшысы:
- Шарттары өте оңай. 18 жастан асқан кез келген тұрғыны әкімдік сайтына жоба идеясын, мекенжайы мен құнын жазып өтінім қалдырады. Арнайы комиссия оның талаптарға сай екенін тексереді. Сосын жоба «eGov» порталы арқылы халықтың дауыс беруіне шығарылады. Нәтижесінде ең көп қолдау тапқан бастамалар келесі жылдың бюджетіне енгізіліп, іске асырылады.
Жауаптылардың айтуынша, бағдарламаға қызығушылық жоғары. Мәселен, 2024 жылы 9 өтінім қабылданған. Ал бүгінде бұл көрсеткіш 33-ке жетті. Ұсынысты мүлік иелері бірлестігінің төрағасы ғана емес, қала тұрғындары да жолдаған. Биыл 800 миллион теңгеге 80 аула абаттандырылды. Келесі жылы тағы 100-ге жуығын жаңарту жоспарланып отыр.
Авторлары: Аснурия Абдулла, Төлеген Иманов