Астанада «Болашақ тергеушілер» форумы өтті
Елордада «Болашақ тергеушілер» республикалық форумы өтті.
Оған елдегі заң факультеттерінің ең үздік студенттері қатысты. Шараның мақсаты - болашақ мамандарды ішкі істер саласындағы қызметтің қыр-сырымен жақынырақ таныстыру. Олардың мамандыққа қызығушылығын арттырып, ұрпақ сабақтастығын жалғау, дейді ұйымдастырушылар. Форум ішкі істер министрлігіндегі экскурсиядан басталды. Жастар Жедел басқару орталығын, криминалистика зертханаларын аралап, қызмет барысында қолданылатын түрлі техниканы байқап көрді.
Санжар Әділов, ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары:
- Астанамызда ең үздік азаматтық университеттердің заң факультетінің студенттері қатысып отыр. 300-ден астам студент бізде қонақта. "Заң мен тәртіп" қағидатын орындау мақсатында ең үздік заң факультетінің студенттерін біз келесі жылы қызметке шақырамыз.
Форум аясында студенттер кәсіби мамандарға толғандырған сауалдарын қойып, ашық пікір алмасты. Ал «Оқитын ұлт» акциясы аясында ведомствоның кітапхана қорына кітаптар табыс етілді. Ішкі істер министрлігінің өкілдері естелік ретінде студенттерге бірқатар басылымды сыйға тартты.