Қарағанды облысында 80 жастағы әже ауыл көшелерін трактормен тазалайды

Қарағандылық Зубайра Сыздықова ел тазалығына үлес қосып келеді. Зейнеткер 80 жасты алқымдаса да трактор тізгіндеп, ауыл көшелеріндегі қоқысты шығарады. Осылайша, ардагер механизатор «Таза Қазақстан» бастамасын сөзбен емес, іспен қолдап жүр. Зубайра әженің ауыр техниканы тізгіндеп, еңбек еткеніне қырық жылдан асқан, деп хабарлайды 24KZ.


Ғұмырын адал еңбекке арнаған ақ жаулықты ана бүгінде белсенділігін жоғалтқан жоқ. Тіпті өзі тұратын ауланы жеміс ағаштары жайқалған жасыл баққа айналдырған.

Зубайра Сыздықова үшін трактор жүргізу таңсық іс емес. Ол механизатор мамандығын бала жасынан училищеде меңгерген. Содан бері қырық жылдан астам уақыт трактор тізгіндеп, жер жырту, шөп шабу секілді алуан жұмысты атқарыпты. Тіпті комбайн жүргізген кездері де бар. Ардагер апаның техника тілін жетік меңгергені соншалықты, бірде механизаторлар арасындағы жарыста жүлде алған. Енді міне, дала жұмыстарының орнына туған ауылы Ақмешіттің көшелерін тазалауда. Әлі күнге бесаспап маман трактордың тілін тамыршыдай таниды.

Зубайра Сыздықова, Ақмешіт ауылының тұрғыны:

– Цилиндрлер блогының басын шешеміз. Алдыңғы және артқы белдіктерді, иінді білікті алып, мойынтірек орындарын тазалап, сығылған ауамен үрлеп шығамыз. Май жүрмесе, майлау арнасында қозғалтқыш тұрып қалады. Мойынтірек төсемдерін ауыстырамыз. Шалмен екеуміз анда-санда бір ұрысып қоямыз, сосын істей береміз.

Осылайша, ауылдастарына үлгі болған Зубайра апа әлі күнге еңбектен қол үзбей келеді. Техника тіліне жетік ардагер апа әлі күнге көлік тізгіндеп жүр.

Зубайра Сыздықова, Ақмешіт ауылының тұрғыны:

– Өзім көлік те айдаймын, бірақ ол бұзылып тұр. Әйтпесе «дырылдатып» кетемін, баратын жеріме барамын. Қазір мотоблок алдым, оған тіркеме тіркедім. Сол мотоблокпен есіктің алдындағы қоқыстарды алып, тазалаймын.

Зубайра Сыздықованың бақшасында құлпынай, алма, алмұрт пен жүзімнің алуан түрі жайқалып тұр. Оның ауласы аудандық «Үздік аула» байқауында жеңімпаз атанған. Еңбекпен есейген Зубайра апаның еңбекқорлығына ауылдастары да құрметпен қарайды.

Насип Сүлейменова, Ақмешіт ауылының тұрғыны:

– Зүбайра апай бірнеше жылдан бері зейнеткерлікте. Механизатор болып жұмыс істеген. Әлі де болса, қолынан келген көмегін бізден аямайды. Ол кісінің өмір тарихы біздің ауылымыздың, Ақмешіт ауылының энциклопедиясына жазылған.

Егде тартқан жасына қарамай еңбектен қол үзбеген Зүбайра Сыздықованың тірлігі көпке үлгі. Республика көлемінде қолға алынып жатқан «Таза Қазақстан» акциясы алты млн-нан астам адамды біріктірді. Жыл басынан бері еліміз бойынша 117 мың гектарға жуық аумақ тазартылып, 813 мың тоннадан астам қоқыс жиналған. Сондай-ақ бір миллион екі жүз мыңға жуық тал-терек егіліпті. Ортақ Отанымыз үшін атқарылып жатқан осынау игі шарада Зүбайра апаның да үлесі бар.

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Аман Хамит

Сондай-ақ оқыңыз: