Алматыда ірі көшелерді айналма жолға қосып жатыр
Алматыдағы алты бірдей көше келесі жылы Үлкен Алматы айналма жолына қосылады. Қазір Абай даңғылында құрылыс қызу жүріп жатыр.
Бұл көше батысқа қарай шамамен 3,5 шақырымға созылады. Құрылыстың аяқталуын Алматы облысының тұрғындары асыға күтіп жүр. Қазан айының соңында жолдың Райымбек ауылы Сүйінбай көшесіне дейінгі бөлігін қолданысқа беру жоспарланған. Содан кейін Карьерная көшесінен қайта жалғасып Үлкен Алматы айналма жолына қосылады. Әкімдік өкілдерді жекеменшік жерлердің иелерімен келіссөз қол байлап отыр дейді. Абай даңғылын созу үшін құрылыс қажеттілігіне деп 80-нен аса жер телімі сатып алынды.
Айдос Желдікбаев , Алматы қаласы Жол инфрақұрылымын дамыту бөлімінің басшысы:
- Абай даңғылымен қоса Саин, Рысқұлов, Тілендиев, Ақын Сара және Солтүстік айналма көшесі ұзартылады. Құрылыс жұмыстарының қарқыны жер телімдерін сатып алуға байланысты. Мердігер Алматы облысының аумағында да жұмыс істеп жатыр. Жұмыстарды 2027 жылы аяқтау жоспарланып отыр.