Брюссельдің тарихи орталығында Қазақстан туы алғаш рет желбіреді
Брюссельдің тарихи орталығында Қазақстан туы алғаш рет желбіреді. Салтанатты іс-шара Бельгиялықтардың патшасы мен патшайымының еліміздегі мемлекеттік сапарына және Қазақстан тәуелсіздігінің 35 жылдығына орай ұйымдастырылды, деп хабарлайды 24KZ.
Ғалымжан Қараманұлы, тілші:
- Бұл – Брюссельдің тарихи жүрегі әрі Бельгияның басты көрікті жерлерінің бірі – әйгілі Гран-Плас алаңы. Оның сәулеттік ансамблі ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген. Алаңның басты сәні – XV ғасырда салынған қалалық кеңес ғимараты. Бельгия королінің Қазақстанға мемлекеттік сапары мен еліміздің тәуелсіздігінің 35 жылдығына орай дәл осы тарихи ғимараттың төбесіне алғаш рет көк байрағымыз көтерілді.
Бұл бастама Брюссель қаласы басшылығы мен Бельгия сыртқы істер министрлігінің қолдауымен жүзеге асты. Іс-шара барысында отандастарымыз көк ту ұстап, Қазақстанның әнұранын шырқады. Студенттер өнер көрсетіп, мерекенің көркін қыздырды. Осылайша, ғасырлар бойы Еуропа патшалары салтанатты рәсімдерін өткізіп келген Гран-Плас алаңы бір сәтке қазақы бояуға енді.
Рухия Байдүкенова, әнші, халықаралық байқаулардың жүлдегері:
– Бүгін жалпы осы алаңда Латиф Хамидидің әні «Бұлбұл» әнін орындадым. Енді бельгиялық көрерменнің, халықтың ықыласы өте ыстық болды. Мен ән айтып жатқан кезде бір байқағаным жылаған да көрермендер болды.
Назгүл Нұрғали, «Qazaq Society In Belgium» студенттік ұйымының жетекшісі:
– Еліміздің көк байрағы Еуропаның төрінде желбіреп, Қазақстан мен Бельгияның арасындағы достық пен ынтымақтастықтың символына айналды. Біз де студенттер тарапынан көмектесіп, осы біздің туымыз әрқашан да тек биіктен көріне берсін деп тілейміз.
Бұл күні алаңға студенттерден бөлек қазақстандық дипломаттар, туристер және жергілікті тұрғындар жиналды. Қазақстанмен таныстық тек ән-күймен шектелмеді. Шетелдіктер бауырсақтан дәм татты, қазақтың шапанын киіп көрді.
Қазақстан мен Бельгияның дипломатиялық қарым-қатынас орнатқанына 34 жыл. Осы уақыт ішінде екі мемлекеттің байланысы ресми кездесулер аясынан әлдеқайда кеңейді. Бельгиялық компаниялар еліміздің экономикасына инвестиция құйып, сауда-саттық дамып келеді. Жоғары оқу орындары арасындағы ықпалдастық та артып отыр. Ал Бельгия патшасының елімізге алғашқы мемлекеттік сапары бұл бағыттарға тың серпін бермек.
Автор: Ғалымжан Қараманұлы