Таразда балалар ойын алаңы ашылды

Тараз қаласындағы Құмшағал тұрғын алабында жаңа балалар ойын алаңы пайдалануға берілді. Бұған дейін алапта мұндай ауқымды демалыс орны болмаған. Жоба Республика күні қарсаңында «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында жүзеге асты, деп хабарлайды 24KZ.


Құмшағал тұрғын алабы 2011 жылы қала құрамына кірген. Алайда 8 мың тұрғыны бар аумақта демалыс орны салынбаған еді. Мереке қарсаңында ауқымды балалар ойын алаңы ашылды. Жаңа нысанда үлкендер де тыныға алады. Ол үшін серуендеу жолағы, тренажерлер, үстел теннисі мен орындықтар орнатылған. Ал жан-жағына еріктілер ағаш көшеттерін екті.

Ақмарал Әбдірахманова, қала тұрғыны:

– Бұған дейін серуендеу үшін қалаға шығып жүретінбіз. Енді үйдің жанынан осындай орынның болғаны жақсы болды. Балаларымызды ертіп келіп, таңертең де, кешке де серуендеп қайтамыз. Үйде отырған анамызға да ыңғайлы.

Айнұр Төлепбаева, қала тұрғыны:

– Ауыл тұрғындарына, әсіресе үлкен кісілерге жақсы болды. Енді нысан салынып берілді, оны күтіп ұстау ауыл тұрғындарының өздеріне байланысты. Жан-жақты қарап, көркейтіп, дамытуымыз керек. Ауылды өркендету үшін жастарға да айтып, түсіндіруіміз қажет.

«Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы 2021 жылдан бері жүзеге асырылып жатыр. Тұрғындар өздері тұратын аумақты абаттандыру үшін, әкімдікке ұсыныс бере алады. Биыл осындай төрт жоба қолдау тауып, бюджеттен 205 млн теңге бөлінді. Сондай-ақ қала шетіндегі шағын аудандардың мәселелері де кезең-кезеңімен шешіліп келеді.

Бақытжан Орынбеков, қала әкімі:

– 2024 жылы осы алаптарда 320 көшеге қиыршық тас төселді. Казарма алабында 180 орындық жаңа мектеп бой көтерді. Ал 2025 жылдың соңында «Келешек мектептері» жобасы аясында Құмқағал алабында 600 орындық мектеп пайдалануға берілді.

Тараздың шеткі тұрғын алаптарында ауызсу мәселесін шешу үшін 2023 жылы 6,2 млрд теңге бөлінді. Нәтижесінде 40 мыңнан астам тұрғын сапалы ауызсумен қамтылды.

Авторлары: Мерей Бает, Бақытжан Бапаев

Сондай-ақ оқыңыз: