Қызылордалық оқушылар оңалту құрылғысын ойлап тапты

Қызылордалық оқушы инсульттан кейін оңалтуға арналған ерекше кешен жасады. Үш құрылғыдан тұратын аппарат саусақ пен білек бұлшықетін қалпына келтіруге көмектеседі. Жаттығулар толығымен ойын түрінде өтеді, деп хабарлайды 24KZ.

Оқушылар жасаған кешен үш арнайы құрылғыдан тұрады. Бұл аппараттар саусақ пен білек бұлшықеттерін қалпына келтіруге арналған. Онымен жаттығу жасап қана қоймай, ойын ойнауға да болады. «Басты мақсат – инсульттен кейінгі оңалту жаттығуларын қызықты етіп, пациентті жалықтырып жібермеу», – дейді жоба авторлары.

Ерасыл Айдарбек, Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы:

– Алматы қаласындағы жеке клиникада 8 апталық тесттен өткізген болатынбыз. Тесттің қорытындысы мен бақылауы бойынша, 8 аптаның көлемінде пациенттердің бұлшықет белсенділігі артты. Дәрігерлердің айтуы бойынша бұл құралдар шынында да пациенттерге көмектесе алатынын және жағдайын жақсарта алатынын нақтыланды.

Оқушылар бұл құрылғыны жасау үшін екі жылдан астам уақыт ізденген. Бөлшектерін мектеп зертханасында 3D принтермен басып шығарған. Жоба Стамбулда өткен халықаралық байқауда таныстырылып, жүлделі екінші орынды жеңіп алды.

Әділжан Науан, Назарбаев Зияткерлік мектебінің информатика пәні мұғалімі:

– Бұл мемлекеттік немесе басқа да мекемелерде емес, үйде өзі қарапайым теледидарға қосып немесе өзі отырып, оңалтуды тездету, жеңілдету, қызықты ету – мақсаты сол.

Статистика бойынша әлемде 94 млн-нан астам адам инсульт зардабын тартып отыр. Мамандар оқушылар жасаған бұл құрылғы науқастардың сауығып кетуіне үлес қосады деп санайды.

Нұртілеу Жолдас, кинезиолог, шрот-терапевт:

– Инсульт қазір жас талғап жатқан жоқ, біріншіден, жасында да кәрісінде де болып жатыр. Балаларға өте қызықты деп ойлаймын. Жас кезде алған бала инсульт алған кісілерге өте жақсы деп ойлаймын, өйткені пайдалануға бір жағынан қызық, екіншіден бұлшық еттің жұмыс жасауына жақсы әсерін береді.

Оқушылар бұл құрылғыға патент алып та үлгерген. «Алдағы уақытта тың жобаны өндіріске енгізіп, отандық медицинаның дамуына үлес қоссақ», – дейді олар.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Ақан Әлиев

Сондай-ақ оқыңыз: