Газа секторында оқушылар үш жылдан кейін мектепке оралды

Газа секторында жүз мыңдаған бала 3 жылдан кейін мектепке қайта оралды.

Бірақ сабақ басталды деген аты ғана. Өйткені аймақта Израиль шабуылынан мектептердің 98 пайызы қираған. Білім беруге мүлде жарамайды. Ал ата-ананың баласына мектеп формасы түгілі қалам-дәптер сатып алуға шамасы жетпейді. Сонда Газа секторындағы жас буынның алған білімі қандай болмақ? 

Газа секторында оқушылар сабақты 3 жылдан кейін шатырларда бастады. ЮНИСЕФ-тің дерегі бойынша 540 мың бала партаға қайта оралды. Бірақ бұл аты ғана. Өйткені қабырғаға ілінген тақтадан басқа түк жоқ. Балаларға еш жағдай жасалмаған. Жерге төселген матрасқа тізіліп отырып, білім алып жүр. 

Мұхаммед әл-Масри, мектеп директоры:

- Оқушы өте көп. Әлі тіркелмеген қаншама бала бар. Олар да осы жеткіншектерге қосылып оқиды. Бір сыныпта 70 оқушыдай отыр. 

Бірлі-жарым сыныпта болмаса, парта табылмайды. Бар болса да 3 оқушыдан отырады. Жеткіншектер сабаққа барып қайтқанша, жандарын шүберекке түйіп, алаңдайтынын айтады. Өйткені былтыр оқ атпау режимі жарияланса да Израиль Газа секторын оқтын-оқтын атқылап тұрады. 

Ямен Абу Самра, оқушы:

- Шатырдың ішінде ауа жоқ. Ыстық. Әрең отырамыз. Желдеткіш те, жарық та, ештеңе жоқ. Мектеп деген аты ғана. Едені де төселмеген. Жай ғана құм. Бірақ бізде басқа амал да жоқ қой.

Балалар мектеп формасын кимек түгілі оқу құралдарына жарымай отыр. Өйткені Газа секторында кеңсе тауарлары қат. Сондықтан бағасы да шарықтап тұр. Әр ата-ананың қалтасы көтере бермейді.

Самар Абу Салми, жергілікті тұрғын:

- Балаларымыз 3 жыл онлайн оқыды. Сабақ басталады деген соң базарға келіп едім. Қарап қана тұрмын. Оқу құралдарының бірі болса, бірі жоқ. Бірақ бәрін алуға шамам да жетпейді. 

Халед Алиян, саудагер:

- Бұрын дәптердің бағасы 3 шекель еді. Қазір 5 есе қымбаттаған. Соғыс басталғалы сырттан тауар кіргізе алмай қалдық. Израиль армиясы бәрін шектеп отыр.    

Тель-Авив билігі ХАМАС аймақтағы мектептерді әскери мақсатта пайдаланады деп отыр. Ал қозғалыс өкілдері мұны жоққа шығарды. Ең сорақысы, Газа секторындағы соғыстан осы күнге дейін 22 мың палестиналық бала бақилық болды. Сондай-ақ білім саласының 770 қызметкерінің өмірі қиылған.

Зайнұр Байжігіт

Сондай-ақ оқыңыз: