«Тең мүмкіндіктер» фестивалі: ерекше балалар спорт алаңында бақ сынады
«Әділет» партиясының ұйымдастыруымен бірнеше өңірде ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға арналған «Тең мүмкіндіктер» фестивалі өтіп жатыр, деп хабарлайды 24KZ.
Ақтөбе, Шымкент, Көкшетау қалаларында өткен жарыстарға 600-ге жуық оқушы қатысып, бочча, жеңіл атлетика және эстафетадан бақ сынады. «Фестиваль балалардың спортқа қызығушылығын арттырып, ортаға бейімделуіне және өз мүмкіндіктерін көрсетуіне жол ашады», – дейді ұйымдастырушылар. Сайыс қорытындысы бойынша жеңімпаз командалар республикалық кезеңге жолдама алады. Спорттық іс-шара елдің өзге де өңірлерінде жалғасын тапты.
Ақылбек Сахиев, «Әділет» партиясы Ақтөбе облыстық филиалының бөлім басшысы:
– Әділет партиясының әділетті қоғам құру жөніндегі бастамасы – осы балалардың әділетті ортада тең дәрежеде қалыптасуына ықпал ету. Бұл фестивальдің маңыздылығы – ерекше балалардың өз қатарластарымен қоғамға бейімделуі.
Мұрат Жолдыхожаев, «Әділет» партиясы Шымкент қалалық филиалының төрағасы:
– Балаларға біз ерекше мән беріп, олармен үнемі қарым-қатынас жасап отырамыз. «Әділет» партиясының ұйымдастыруымен әкімшілік, спорт басқармасы, жұмыспен қамту орталығы және басқа да мекемелермен бірлесіп, осындай үлкен шаралар өткізіп жатырмыз.