Шымкентте жолайрық ашылды

Шымкентте ірі жолайрық құрылысының бір бөлігі аяқталып, көлік қозғалысы үшін ашылды. Жол-көлік өткелі Бәйдібек би даңғылының бойындағы жүктемені азайтып, жол қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді, деп хабарлайды 24KZ.

Жаңа нысанның техникалық ашылу рәсіміне қала әкімі Ғабит Сыздықбеков, жергілікті тұрғындар мен мердігер ұйым өкілдері қатысты. Ірі жоба Мемлекет басшысының көлік инфрақұрылымын дамыту тапсырмасы аясында жүзеге асты.

Ұзындығы 570 метр болатын жаңа өткел төрт жолақты етіп салынды. Көлік қозғалысы үшін тиісті таңбалар мен жол белгілері орнатылып, техникалық ашылуы салтанатты жағдайда ұйымдастырылды. Мамандардың айтуынша, жол қауіпсіздігін арттыруға бағытталған күрделі жоба кептелістің алдын алуға мүмкіндік береді.

Ролан Ибрагимов, қалалық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы:

– Бұл нысанның күрделігі Төлеметов те, Бәйдібек би де көлік қарқыны өте жоғары көшелер. Білесіздер, бұл жерде біз жолды жапқан жоқпыз. Соның өзінде осындай қысқа мерзімде соғылды.

Жолайрық бойында жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігі үшін жерасты өткелдері қарастырылған. Қазір оны әрлеп, аумағын абаттандыру жұмыстары жүріп жатыр. Мердігердің айтуынша, жолдың үстіңгі бөлігін қолданысқа беру төменгі айналма жолдағы жұмыс қарқынын одан әрі күшейтуге мүмкіндік береді.

Данияр Қапсаламов, «BCN Group» ЖШС филиалы директорының орынбасары:

– Үстіңгі бөлігі ашылғаннан кейін әрі қарай жұмыстар жалғасады. Астында эллипс толық жасалу керек. Төлеметов пен Шоқай жағын ашу керекпіз. Күшіміздің бәрін сол жаққа салып, ашуға тырысамыз.

Нысанды аралап шыққан қала әкімі Ғабит Сыздықбеков құрылыс сапасына көз жеткізді. Салтанатты жиынға қатысқан тұрғындар мен жүргізушілер тарапы да атқарылған жұмысты оң бағалап, алғысын білдірді. Енді қалаішілік көлік қатынасы біршама жеңілдей түспек.

Лескен Әріпжанов, қала тұрғыны:

– Өте жылдам салды. Мен мұның бітетініне сенбеген едім. Өзім де көріп жүрдім ғой, күндіз-түні жұмыс істеп жатты. Осы жұмысты атқарған мекемеге және құрылыс жұмысшыларына үлкен ризашылығымды білдіремін.

Жолайрық құрылысын жыл соңына дейін толық аяқтау жоспарланып отыр. Жоба жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерге қолайлы жағдай жасауды көздейді. Сала мамандарының айтуынша, жол инфрақұрылымын жақсарту жұмыстары кезең-кезеңімен жалғасады.

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Бекмұратов

Сондай-ақ оқыңыз: