Қазақстандықтар ел ішінде жиі саяхаттай бастады: туристер саны 8,66 миллионға жетті
Қазақстанда ішкі туризм көрсеткіштері соңғы жылдары айтарлықтай өсті. 2019 жылы еліміздегі орналастыру орындарының қызметін 5,29 миллион ішкі турист пайдаланса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 8,66 миллион адамға жеткен. Осылайша, жеті жылға жуық кезеңде ел ішінде саяхаттаған азаматтар саны 3,37 миллион адамға артты, деп хабарлайды «24KZ».
Туристер ағынының өсуі табиғи аумақтарға деген қызығушылықтан да байқалады. 2019 жылы Қазақстанның мемлекеттік ұлттық табиғи парктеріне 1,38 миллион адам барса, 2025 жылы келушілер саны 3,6 миллионға жеткен. Бұл көрсеткіш ұлттық парктерге сұраныстың шамамен 2,6 есе артқанын көрсетеді.
Табиғи көрікті жерлерге қызығушылықтың артуы экологиялық туризмді дамытуға, жаяу жүргіншілер маршруттарын көбейтуге және табиғат аясындағы демалыс орындарының инфрақұрылымын жақсартуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар елде туристерді қабылдау әлеуеті де кеңейіп келеді. 2019–2025 жылдары орналастыру орындарының саны 3 592-ден 4 482 нысанға дейін өскен. Ал олардың жалпы сыйымдылығы 181 мыңнан 233 мың төсек-орынға дейін ұлғайған.
Саладағы экономикалық көрсеткіштер де оң динамиканы байқатады. Орналастыру орындары көрсеткен қызмет көлемі 2019 жылғы 121 миллиард теңгеден 2025 жылы 350,6 миллиард теңгеге дейін өскен.
Алдағы жылдары ішкі туризмді одан әрі дамыту көзделіп отыр. Қазақстанның 2029 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспарында ішкі туристер санын 11 миллионға жеткізу міндеті белгіленген. Осы мақсатта туристік өнімдерді дамытуға, инфрақұрылымды жақсартуға және қызмет көрсету сапасын арттыруға басымдық берілмек.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз