СҚО-да 1813 адам банкрот деп танылды
Солтүстік Қазақстан облысында кейінгі үш жылда соттан тыс банкроттық рәсіміне 8 мың 753 адам өтініш берді.
Алайда 813-і ғана банкрот деп танылды. 1,2 млрд теңгеден астам қарыз кешірілді. Заңда қарыз мәселесін шешудің үш жолы қарастырылған. Олар соттан тыс банкроттық, сот арқылы банкрот деп тану және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру. Соңғы рәсім азаматтарға қарызын бес жылға дейін бөліп төлеуге мүмкіндік береді. Бұл жағдайда адамға банкрот мәртебесі берілмейді. Шектеулер де қолданылмайды. Облыс тұрғындары арасында ең көп сұранысқа ие рәсім – соттан тыс банкроттық. Оған өтініш беру үшін бірқатар талап орындалуы тиіс. Азаматтың атында ортақ меншікте мүлкі болмауы керек. Несиесі 12 айы бойы өтелмеуі тиіс. Осы кезеңде банк шоттарына ақша түспеуі керек. Мамандар соттан тыс банкроттық рәсімі қарыздан құтылудың оңай жолы емес екенін ескертеді. Өйткені оның өзіндік шектеулері бар. Сондықтан мұндай шешім қабылдамас бұрын барлық салдарын мұқият ойластырған жөн.
Жанар Нұрмұқанова, СҚО бойынша МКД дәрменсіз борышкерлермен жұмыс басқармасының бас маманы:
- Банкрот деп танылған азамат бес жыл бойы несие ала алмайды. Ал жеті жыл ішінде банкроттық рәсімін қайта қолдануға рұқсат етілмейді. Рәсім аяқталғаннан кейін азаматтың қаржылық жағдайына мониторинг жүргізіледі. Азаматтардың қарызға батуына түрлі себеп бар. Көп жағдайда бұл қаржылық сауаттылықтың төмендігінен туындайды. Жұмыссыз қалу немесе табыстың азаюы да ақша жағынан қиындықтарға әкелуі мүмкін.