Жетісу облысында 22 мың тонна алма жиналды
Өнім отандық нарыққа және экспортқа шығарылып жатыр. Өңірде жиналған жемістің жартысына жуығы Панфилов ауданында өседі. Облыс аумағында үш мың гектардан асатын алма бағы болса, басым бөлігі осы ауданда орналасқан, деп хабарлайды 24KZ.
Айдарлы ауылындағы 500 гектар алма бағында күзгі жиын-терім науқаны қызу. Сабағынан үзілгелі тұрған жемісті уақытылы жинау үшін алыс-жақыннан мың жарым адам жұмылдырылған.
Ләззат Сарыбаева, жұмысшы:
– Қазығұрт ауданынан келдім. Біз 40 адам болып, күніне 60–70 жәшік алма жинаймыз. Алманың сорты жақсы. Әр жұма сайын жалақымызды алып тұрамыз.
Он жыл бұрын егілген бақта алманың 10 түрі өсіріледі. Олардың әрқайсысының өзіндік ерекшелігі бар. Мәселен, жасыл түсті жемістің құрамында қант мөлшері аз, ал қызылының тәттілігі тіл үйіреді.
Шыңғыс Қалиден, тілші:
– Жайқалып тұрған бақтағы мына жеміс жер бетіндегі ең жай пісетін алма болып есептеледі. Мұны бағбандар қараша айында жинай бастайды. Көп жерде өсе бермейтін дақылдың тағы бір ерекшелігі бұл бір жылға дейін бұзылмай сақталады.
Аймақтағы ең үлкен бақта интенсивті технология қолданылады. Сол себепті де бағбандар жылда мол өнім алады. Жұмыс үрдісіне молдовалық агроном Аркадий Гончар жауапты. «Бүгінгі күнге дейін ол алманың 4 мың тоннасын жинап үлгердік», – дейді.
Аркадий Гончар, бас агроном:
– Өнімнің 50 пайызы Ресей Федерациясына экспортталады. Қалғаны қоймада сақталып, отандық нарыққа шығарылады. Жалпы биыл 10 мың тонна өнім алуды жоспарлап отырмыз.
Облыс бақтардан биыл 22 мың тонна алма жиналды. Оның 1100 тоннасы қоймада сақталады. «Бұл қыс мезгілінде жергілікті халықты өңірде өндірілген өніммен қамтуға жеткіліксіз», – дейді сала жетекшісі. Сондықтан жеміс бағын көбейту көзделіп отыр.
Нұрдәулет Кененбаев, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:
– Қазіргі таңда облыста жеміс-жидек өнімділігін арттыру мақсатында интенсивті алма бақтарын енгізу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Алдағы уақытта Апорт сортын да енгізу жоспарымызда бар. Бұл бағытта инвесторлардың жобаларын қарастырып, қажетті жер учаскелерін бөліп беруге мүмкіндігіміз бар. Облысымыздың таулы өңірлері алма бағын өсіруге өте қолайлы. Сонымен қатар бұл бағытта мемлекеттік қолдау шаралары да қарастырылған.
Жалпы, өңірде 39 қойма бар. Онда жылына 40 мың тонна жеміс-жидек сақталады.
Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев