Ұлттық парк аумағына 1 млн көшет егілді
«Жоңғар Алатауы» ұлттық паркінің аумағына 16 жылда 1 млн-нан аса «Сиверс» ағашының көшеті егілді. Жер бетіндегі алманың түп негізі болып саналатын дақылды сақтап көбейту мақсатындағы мұндай жұмыстар өз нәтижесін беріп келеді, деп хабарлайды 24KZ.
Ұлттық парк құрылған 2010 жылдан бері таулы аймақтағы орманды алқап қоры 500 гектарға ұлғайған.
Мнир Ғаниұлы саналы ғұмырының 40 жылдан астамын туған жерінің табиғатын қорғауға арнаған. Еңбек жолын орманшы болып бастаған ол ұлттық парк құрылғаннан бері тұқымбаққа жетекшілік етеді. Сала ардагері қарамағындағы қызметкерлермен бірге жылына 40 мыңнан аса дән сеуіп, Сиверс алмасының көшетін өсіреді.
Мнир Ғаниұлы, «Жоңғар Алатауы» МҰТП қызметкері:
– Ұлттық парк құрылғаннан бері біраз жыл өтті. Осы уақыт ішінде біз тауға 1 миллион көшет отырғызып жатырмыз. Көшеттерді сол аумаққа егіп, көгалдандыру жұмыстарын жүргізудеміз. Біздің питомникте қайың, емен, алма ағашы, қарағай және тағы басқа ағаштарды қоса алғанда, 17 түрлі өсімдік өсіріледі. Ұлттық парктің құрылуы біздің өңіріміз үшін өте тиімді болды.
Парк қызметкерлері алма дәнін жинап ғылыми орталыққа жібереді. Сапасы жақсылары ғана тұқымбақта өсіріліп, кейін тауға жерсіндіріледі. Жыл сайын жүргізілетін мұндай жұмыстың нәтижесінде орманды алқап аумағы 3500-ден 4 мың гектарға дейін ұлғайған.
Саят Игенбаев, «Жоңғар Алатауы» МҰТП ғылым бөлімінің жетекшісі:
– Жабайы алмалардың орташа жасы 90 жыл шамасында, ал кейбіреулері одан да үлкен. Яғни олардың басым бөлігі әбден жетілген, көнерген ағаштар қатарына жатады. Сондықтан Сиверс алмасының табиғи қасиеттері мен генетикалық ерекшеліктерін сақтап қалу мақсатында орман-генетикалық резерваттар құрылған.
Сиверс алмасының жабайы түрі Тарбағатайдан басталып, Жоңғар Алатауы және Іле Алатау мен Қаратауға дейінгі аралықта өседі. Орманды алқап қорын еліміздегі оншақты ғылыми институты зерттейді. Ғалымдар осыған дейін төрт жобаны жүзеге асырса, енді тағы бірін қолға алмақ.
Тоғжан Қасымханова, «Жоңғар Алатауы» МҰТП директорының орынбасары:
– Келесі жылдан бастап Сиверс алмасының гендік қорын сақтауға бағытталған жұмыстар қолға алынады. Атап айтқанда, гендік қорда сақталған материалдар алынып, олардың генетикалық тазалығы анықталады. Осы зерттеулердің нәтижесіне қарай жұмыстар одан әрі жалғасын табады. Негізгі мақсат – Сиверс алмасының таралу аумағын кеңейту, оның табиғи жаңаруына жағдай жасау және генетикалық қорын сақтап қалу. Осы бағытта тиісті ғылыми-зерттеу және табиғатты қорғау шаралары жүзеге асырылады.
Ұлттық парк аумағы жағынан елімізде үшінші орын алады. 356 мың гектардан асатын ерекше қорғалатын аймақтағы аң құсты, орманды алқапты қорғау үшін мекеменің материалды техникалық базасы да нығайтылып келеді.
Марат Қабиев, «Жоңғар Алатауы» МҰТП директоры:
– 2018-2019 жылдары 15 патрульдік мәшине болғанымен азір 45 жетіп отырмыз. Пожарный мәшине дейміз, өрт сөндіру мәшинеміздің өзі биыл толық нормативке енгізіп, алып отырмыз. Кезінде 3-ақ пожарный мәшинеміз болған қазіргі осы бізде тоғын пожарный мәшинеміз бар. Және де осы тауда он кардон салып тастадық осы 3-4 жылдың ішінде.
Сала қызметкерлері экологиялық мәдениетті қалыптастыру мақсатында 2018 жылдан бері «Сиверс алмасының гүлдеуі» фестивалін ұйымдастырып келеді. Биылғы шараға жеті мыңға жуық адам жиналып, табиғаттың баға жетпес байлығын тамашалады.
Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев