Инвестордың банк шоттарына қойылған шектеу жойылды
Қазақстанда ірі шетелдік инвестордың құқығы қорғалды. Қылмыстық қудалау органдарының пәрменімен компанияның банк шоттары заңсыз бұғатталғаны белгілі болды, деп хабарлайды 24KZ.
Бас прокуратураның Инвесторлар құқықтарын қорғау комитеті шектеу шараларын зерделеп, «Анти-фрод» орталығы жүйесі арқылы инвестордың ешқандай алаяқтық қылмысқа қатысы жоқ екенін анықтады. Компания Алматы облысында құны 120 млрд теңгеден асатын мал шаруашылығы кешенін салып, 400-ден астам жұмыс орнын құруды көздеген.
Динара Нұрсұлтанова, ҚР Бас прокуратурасы Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитетінің прокуроры:
– Қостанай облысының прокуратурасымен бірлесіп неліктен инвесторға қатысты шектеу шараларының қолданылғанын зерделедік. Барлық тиісті шараларды қабылдағаннан кейін жүйедегі инвестордың мәртебесі қайта қаралды. Оның банктегі шоттарының шектеулері жойылды. Осылайша біз инвестордың құқығын қорғадық. Қазір ол өзінің инвестициялық және шаруашылық қызметін одан әрі жалғастырып келеді.