Елде кейінгі 7 жылда 35 мың шақырым жол жаңғыртылды

Оның 5 мыңнан астамы жаңадан салынды. Атырау облысында 646 шақырым тасжол қалыпқа келтірілді. Ал елдің шығысында 3 жылда 400 шақырым жол салынды. Әйгілі Рахман қайнарына дейін асфальт төселіп, көлік қатынасы жақсарды, деп хабарлайды 24KZ.

Атырау облысында 646 шақырым жол жаңғыртылды

Облыста жүзеге асқан ірі жобаның бірі – былтыр пайдалануға берілген «Ақтөбе – Атырау – Астрахань» тасжолы. Өңір тұрғындары бұған дейін сапасына шағымданатын. Ой-шұқыры көп жолдың азабын тартқан жүргізушілер қазір тақтайдай тегіс жолда қиындықсыз қатынап жүр.

Республикалық маңызы бар «Мұқыр-Құлсары» жолы да орташа жөндеуден өтіп жатыр. Құрылыс жұмыстары келесі айда аяқталып, қолданысқа беріледі. Тағы бір жоба – «Атырау – Орал» жолының құрылысы. Бұл күре жолдың да соңғы жылдары сапасы сын көтермейтін. Қазір Батыс Қазақстан облысының шекарасына дейінгі 184 шақырым жолды жөндеу басталды. Жоба құны 47 млрд теңгеге жуықтайды.

Азат Қаракөзов, «ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ Атырау облыстық филиалы директорының орынбасары:

– Жол негізін суық ресайклинг технологиясы әдісімен қалыпқа келтіру, сонымен қатар екі қабатты жол жабындысын салу жұмыстары қарастырылған. 9 км жобасы бойынша қазіргі таңда астыңғы қабат бойынша 50 шақырым жол дайын тұр. Осы жылдың соңына дейін 94 шақырымды астыңғы қабатпен ашу жоспарлануда. Шақырым аралығындағы жоба бойынша қазіргі таңда жол жұмыстары басталды.

Жалпы өңірдегі автомобиль жолының ұзындығы 6 мың жарым шақырымнан асады. Соңғы жылдары 870 шақырым автомобиль жолында құрылыс, реконструкция және жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұған қоса, биыл шалғай жатқан Азғыр, Сүйіндік, Балқұдық ауылдарына қарай жол салына бастады. Бұл да ауыл халқының көптен шешілмей келе жатқан мәселесі болатын.

Әсет Оразғалиев, облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы:

– Жолдың 0-36 шақырымын құрайтын, яғни 7-разъездтен Сазды учаскесіне дейінгі аралық. Бұл учаскеде бүгінгі таңда құрылыс-монтаж жұмыстары қарқынды орындалып жатыр. Сонымен қатар 36-98 шақырым учаскесінде бүгінгі таңда құрылыс-монтаж жұмыстары басталды. Әрі қарай 98-180 шақырым учаскеде бүгінгі таңда жол салу мақсатында жобалау-сметалық құжаттамасы жасақталып жатыр.

Асланбек Шығыр, тілші:

– Республикалық маңызы «Атырау – Доссор» жолын төрт жолаққа дейін кеңейту жұмыстары қолға алынды. Қазір құжаттар рәсімделіп, мердігер мекеме анықталуда. Құрылыс келер жылы басталып, 2029 жылы аяқталады.

Шығыста 400 шақырым жол жаңғыртылды

Шығыс Қазақстанда соңғы 3 жылда республикалық маңызы бар 400 шақырым жол жаңартылды. Тағы 358 шақырым жолды биыл және келесі жылы аяқтау жоспарланған. Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін ең ұзын көпірдің құрылысы, сондай-ақ Өскеменнен Талдықорғанға және Қытай шекарасындағы Майқапшағай өткізу пунктіне дейінгі автожолдар пайдалануға берілді. Ал қазан айының басында алғаш рет әйгілі Рахман қайнарына дейін асфальт төселіп, көлік қатынасы ашылды. Жолшылардың айтуынша, бұл – саладағы ең күрделі жобалардың бірі. Жартастардың арасынан жол салуға 2 жыл уақыт кеткен.

Әділет Жампейісов, «ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ ШҚО филиалы директорының орынбасары:

– Қауіпсіз болу үшін техниканы арқандармен байлап, жұмыстарды жүргіздік. Кей жерлерде асфальт төсегішке көлікпен жақындаудың өзі мүмкін болмады. Сондай кезде материалды төгіп, кейін тиегішпен жеткіздік. Соның салдарынан жұмыс өнімділігі өте төмен болды.

Елімізде соңғы 7 жылда 35 мың шақырымнан астам автомобиль жолында құрылыс, реконструкция және жөндеу жұмыстары жүргізілген. Оның ішінде 5 мың шақырымнан аса жол қайта салынған.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Анель Есенбердина

Сондай-ақ оқыңыз: