Астана тұрғындары 6 жылдан астам уақыт баспанасына кіре алмай жүр

Астана тұрғындары өздеріне тиесілі баспанаға кіре алмай жүргеніне 6 жылдан асты. Құрылыс компаниясы 5 жыл бұрын қол қойылған келісімшарттың талабы мен баға саясатын өзгертіп жіберген көрінеді, деп хабарлайды 24KZ.

Бұл – елорда іргесіндегі «Сұңқар» тұрғын үй кешені. Оған қосымша блог жалғана салынған. Құрылыс компаниясы 2020 жылдан бастап 20-ға жуық тең инвестордан қаржы жинап, нысан құрылысын аяқтайды. Енді тұрғындардан қосымша келісімшартқа қол қоюды талап етіп отыр. Бұдан 6 жыл бұрынғы бағамен салыстырып, қазіргі қойылған құнмен қараша келіспейді.

Еркебұлан Шаяхметов, Астана қаласының Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының бас маманы:

– Құрылыс аяқталғаннан кейін нысанды пайдалануға беруді тапсырыс беруші жүзеге асырады. Тапсырыс беруші мердігерден, техникалық және авторлық қадағалаудан қорытынды мен декларацияны қабылдап алады. Осыдан кейін қабылдау актісін бекітіп, тіркеуден өткізеді. Ал оның бұл құжатты неге ХҚКО арқылы тапсырмай отырғанына Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау органы жауап бере алмайды. Бұл жерде құрылыс нысанын салушы мен тұрғындар арасында келісімшарт бар. Даулы мәселе сол келісім аясында туындаған құқықтық қатынас болып саналады. Сондықтан бұл тек сот тәртібімен ғана шешіледі.

«Құрылыс компаниясы ұсынған қосымша келісімшартта мерзім кейінге шегеріп көрсетілген, сондай-ақ нотариалды куәландыру жасаудан бас тартып отыр», – дейді тұрғындар. Жалпы құрылыс компаниясының басшысы арнамызға сұхбат беруден бас тартты. Бірақ түсірілім кезінде телефонмен хабарласқанымызда ол «барлық инвестор жаңа келісімшартқа сәйкес ақшасын толық төлеген соң ғана баспанасына кіре алады», дегенді айтқан. Тұрғындар оның талабын алаяқтық деп санап, аудандық прокуратураға, полиция департаментіне, тіпті қала әкімдігіне де шағым жолдады. «Алайда бұл іс тұралап қалды», – дейді заңгер.

Фатима Ахмедова, заңгер:

– 2025 жылғы 4 маусымда біз арнайы комиссияны да шақырдық. Сарайшық ауданы әкімдігінен өкілдер келіп, нысанды тексеріп шықты. Тексеру барысында үйдің іс жүзінде пайдалануға толық дайын екені анықталды. Нысан салынып біткенімен және пайдалануға беру актісі болғанымен, бұл акт мемлекеттік органдарда тіркелмеген.

Заңгердің айтуынша, 2023 жылдың қарашасынан бері салушы мен тапсырыс беруші жоғарыда аталған құжатты тіркеуге жолдамай отыр. Ал тіркеусіз меншік құқығын тану туралы сотқа талап арыз беру мүмкін емес. Себебі әр пәтердің сәйкестендіру нөмірі болуы керек.

Бірақ бір көңіл көншітері отандық тұрғын үй құрылысы саласында осындай даулардың үлесі біршама азайған. Қазақстан тұрғын үй компаниясы жүргізген зерттеу нәтижелеріне сүйенсек, өткен жылы көлеңкелі нарық үлесі 62,5 пайыздан биыл 41,2 пайызға дейін қысқарды. Оң динамика, әсіресе, Астана, Алматы, Шымкент, Ақтөбе, Өскемен және Қонаев қалаларында байқалады.

Ал қалған өңірлердегі көрсеткіш өзгеріссіз тұр. Тек Қостанайда ғана өсім бар.

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Дәулет Кибраев

Сондай-ақ оқыңыз: