Ақтөбе облысында үш республикалық жолдың құрылысы жүріп жатыр
Ақтөбе облысында республикалық маңызы бар үш бірдей жолдың құрылысы жүріп жатыр. Мемлекет басшысының тапсырмасымен қолға алынған ауқымды жобалар Қазақстанның транзиттік әлеуетін арттырады. Астанадан басталатын «Орталық-Батыс» автомагистралі мен «Бейнеу – Сексеуіл» жобасы Ақтау және Құрық теңіз порттарына төте жол ашады, деп хабарлайды 24KZ.
Ақтөбе облысындағы республикалық маңызы бар бағыттардың бірі – «Ақтөбе – Хромтау – Қарабұтақ – Ұлғайсын» тасжолы. Халықаралық «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» дәлізінің бір бөлігі саналатын бұл жол учаскесі соңғы жылдары қатты сынға ұшырап жүр.
Виктория Савельева, жолаушы:
– Бұл жолмен бұған дейін де бірнеше рет жүріп өткенбіз. Жыл өткен сайын нашарлап барады. Қашан жөнделеді деп күтіп жүрміз. Құрылыс басталған сияқты. Көп ұзамай ашылады деп үміттенеміз.
Мансұр Есқожин, тілші:
– Жиырма жыл бұрын салынған «Ақтөбе – Хромтау» бағыты үшінші техникалық санаттағы екі жолақты жол. Бүгінгі көлік нөпіріне шыдас бермей асфальт жабындысының әбден тозығы жеткен. Тәулігіне шамамен 15-16 мың автомобиль жүріп өтеді. Сондықтан «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық дәлізінің дәл осы учаскесін жаңғырту туралы шешім қабылданды. Қазіргі таңда төрт жолақты бірінші санаттағы автомобиль жолы төселіп жатыр.
Жол жөндеу жұмыстары «Ақтөбе – Хромтау – Қарабұтақ – Ұлғайсын» бағытында, яғни 262 шақырымды қамтиды. Қазір құрылыс алаңында мыңнан астам арнаулы техника мен 2 мыңға жуық адам еңбек етіп жүр. Мәселен, жолдың 763 және 791 шақырымдары аралығында 6 көпір мен 3 өткел тұрғызылған.
Сергей Горбулько, учаске басшысы:
– Бұл жоба қазіргі қозғалыс қарқынын ескеріп және болашақта көлік ағынының артатынын есепке ала отыра әзірленді. Бізде жол төсемінің қабаттары болашақтағы жүктемеге есептеліп қойған. Енді жобаны жүзеге асыру ғана қалды. Жоспарға сай нысанды 2028 жылы тапсыруымыз керек. Бірақ ертерек аяқтауға тырысамыз.

Ақтөбе облысын қиып өтетін тағы бір ауқымды жоба – «Бейнеу – Сексеуіл» бағыты. Күре жолдың 189 шақырымы Қызылорда облысына, 245 шақырымы Ақтөбе облысына және 125 шақырымы Маңғыстау облысына тиесілі. Ақеспе, Бозой, Тұрыш елді мекендерінің үстінен өтетін жаңа жолдың ұзындығы 559 шақырым. Бұл бағыт орталық және оңтүстік Қазақстан өңірлерін Ақтау, Құрық теңіз айлақтарымен байланыстырады. Төте жол салынған соң қатынас 900 шақырымға қысқарады.
Ринат Оразғалиев, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АОФ директорының орынбасары:
– Сонымен қатар бізде мына «Орталық – Батыс» дәлізінің ішінде «Астана – Ырғыз» учаскесінде құрылыс-монтаж жұмыстары жүріп жатыр. Бұл жердің жалпы ұзындығы – 134 шақырым. Қазір Ырғыз көпірі салынып жатыр. Сонымен қатар жер жұмыстары атқарылып жатыр. Барлық жұмыстар 2026-2029 жылдар аралығы аяқталады.
Ақтөбе облысындағы республикалық маңызы бар жолдардың ұзындығы қазір 1875 шақырым. Түстік пен теріскейді, шығыс пен батысты байланыстыратын ауқымды инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асқан соң күре жолдардың ұзындығы 2500 шақырымға жетеді. Бұл өңірдің транзиттік әлеуетін арттырып, туризмнің дамуына да тың серпін береді.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков, Айбек Даутов