ШҚО-да сел мен көшкіннің алдын-алу пункті ашылды
Шығыс Қазақстан облысы Қатон-қарағай ауданында табиғи қауіп-қатерге мониторинг жүргізетін арнайы пункт ашылды, деп хабарлайды 24KZ.
Енді кезекшілер тау өзендеріндегі өзгерісті бақылап, сел мен көшкін жүру ықтималын алдын ала болжай алады. Нысан барлау тетіктерімен толық жабдықталған. Ақпарат автоматты түрде жинақталып, орталыққа жіберіледі. Мамандардың айтуынша, мұндай бөлімшенің шалғайдағы өңір үшін маңызы зор. Облыс аумағында 144 мореналық көл болса, соның 100-ге жуығы Қатон-қарағайдағы тау басында шоғырланған.
Дидар Мергенов, «Қазселденқорғау» мемлекеттік мекемесі ШҚО филиалы басшысының орынбасары:
– Бұл метеостанцияда алғаш рет мамандардың көмегінсіз автоматты түрде желіге жүктеліп отырады. Барлық ақпарат жаңа модульдік пунктте өңделеді. Мұнда мамандардың жұмыс істеуіне де, тынығуына да қажетті жағдай жасалған. Бұған дейін бөлімше жалға алынған ғимаратта орналасқан.