Құрылыс қарқыны: сан мен сапа

Елімізде соңғы 7 жылда 118 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген, деп хабарлайды 24KZ.

Нәтижесінде мыңдаған отбасыға баспаналы болу бұйырды.

Ал құрылыс саласының басқа да бағыттарындағы көрсеткіш қандай? Қандай белестерді бағындыра алдық?

Бүгінде екінің бірі "басыбайлы баспанам болса" деп армандайды. Дегенмен, 2019 жылдан бері бөтеннің босағасын сағалап жүрген жандардың саны азайыпты. 944 мың адам қоныс тойын тойлаған. Бұл ресми санайғақ. Бой көтерген тұрғын үйлер саны бойынша елдің үш мегаполисі көш бастап тұр. Министрлік алдағы жылдары құрылыс қарқыны артпаса, азаймайды деп отыр. 

Марат Жарбулов, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі комитет төрағасы орынбасарының міндетін атқарушы:

- Биылғы жылдың жоспары 20,4 млн шаршы метр пайдалануға берілу жоспарлануда. 9 айдың қорытындысы бойынша 13 млн шаршы метр пайдалануға берілді. Ол шамамен 188 мың пәтер жоспар бізде биылғы жылы. 

Қазығы қағылып, кірпіші қаланып жатқан әр нысан – елдің ертеңіне салынған инвестиция. Мәселен, 2019-2025 жылдары 3,6 миллионнан астам жаңа жұмыс орыны ашылған.

Ал Екібастұз қаласында құрылысы қызу жүріп жатқан мына ферроқорытпа зауытында екі жылдан кейін 830 адам еңбек етеді. Жобаға 206 млрд теңге жұмсалды. Есесіне экспортқа жөнелтілетін тауарлар арқылы кеткен шығынды еселеп ақтамақ. 

Шерхан Абзалұлы, тілші:

- Әлемде ферроқорытпа деп аталатын аса сұранысқа ие, стратегиялық маңызы өте жоғары металдар қорытпасы бар. Онсыз қазіргі өнеркәсіпті елесту мүмкін емес. Өйткені болаттың беріктігін арттырып, тозу деңгейін төмендететін ферроқорытпа машина жасаудан бастап, авиация мен құрылыс саласында кеңінен қолданылады. Екібастұздағы дәл осы зауыт аяқталғанда, Қазақстан ферроқорытпа өндіру бойынша әлемде екінші орынға шығады.

Сала сарапшылар әлеуметтік нысандардың қалаларда ғана емес, шалғай елді мекендерде көптеп салынып жатқаны қуантады дейді. Нәтижесінде инфрақұрылым жақсарып, апатты мектептер азайып, медициналық мекемелер жаңарып жатыр. Егер қарқынды бәсеңдетіп алмайық десек, электр энергиясы мәселесін де естен шығарман жөн деген пікірде.

Диляра Сейітнұрова, "Qazaq Expert Club" қауымдастығының құрылыс саласы бойынша сарапшысы:

- ТЭЦ, ГРЭС деген нысандарға да көңіл бөлу керек. Өйткені біздің халықтың саны өсіп жатқаннан кейін, тұрғын үйлердің саны өсіп жатқаннан кейін сол үйлерді, инфрақұрылымдарды қамтамасыз ететін нысандар керек болып тұр. 

Тұрғын үйден бастап ірі кәсіпорындарға дейінгі әрбір жоба ел экономикасының өрлеуіне үлес қосады. Бірақ құрылыс қарқынының нәтижесі жаңа нысандардың санымен ғана өлшенбейді, сапасы мен халыққа қолжетімді инфрақұрылымның болуы да маңызды.

Сондай-ақ оқыңыз: