Ұлттық ұланның алғашқы қыз кинологы Аружан Жүнісова туралы не білеміз?
Қатардағы Аружан Жүнісова ҚР ІІМ Ұлттық ұланының 6654 әскери бөлімінде қызмет етеді, деп хабарлайды «24KZ».
Ол – Ұлттық ұлан тарихындағы алғашқы қыз кинолог. Қазіргі уақытта әскери қызметші орыс аңшы спаниелі тұқымына жататын қызметтік итті есірткі заттарын анықтауға үйретіп жүр.
Айта кетейік, Ұлттық ұланда спаниель тұқымындағы ит алғаш рет арнайы дайындықтан өтіп жатыр. Осылайша, Аружан кинология саласындағы екі жаңа бастаманың жүзеге асуына үлес қосып келеді.
Мектепті бітіргеннен кейін Аружан Алматы қаласындағы медициналық колледжде білім алып, әлеуметтік бейімдеу орталығында екі жыл еңбек еткен. Ұлттық ұланда әйел кинологтарды қабылдау басталғанын естіген ол жаңа мамандықты меңгеру мақсатында әскери қызметке келеді.
Аружанның қазіргі серігі – Чарли есімді үш айлық спаниель. Кинолог қыз күн сайын Чарлиді тамақтандырып, денсаулығын бақылап, арнайы жаттығулар жүргізеді. Алғашқы қыз кинологтың қызметке келуі және спаниельді арнайы даярлау тәжірибесі кинология саласын дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашады.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз