Абай облысы құрылғаннан бері 1,5 млн шаршы метрден астам тұрғын үй салынды
Абай облысы құрылғалы өңірде 1 миллион 530 мың шаршы метр тұрғын үй салынды.
Осылайша пәтер кезегінде тұрғандар, әлеуметтік осал топқа жататындар мен көп балалы отбасылар баспаналы болды. Ипотека мен арендалық баспананың қолжетімділігі де артты. Жыл соңына дейін тағы 712 отбасы қоныс тойын тойлайды.
Рүстем Қайратұлы, тілші:
- Өңірде тұрғын үй қорын ұлғайту және халықты баспанамен қамту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді. Облыстың құрылғанына небәрі 4 жыл болды. Сол уақыт аралығында мыңдаған отбасы үйі болды.
Пайдалануға берілген тұрғын үйдің жалпы ауданы - 1 млн 530 мың шаршы метр
Несиелік тұрғын үй - 45 үй
Несиелік тұрғын үйдегі пәтер саны - 2 887
Жалдамалы тұрғын үй - 3 үй
Жалдамалы тұрғын үйдегі пәтер саны – 196
Соның бірі ипотекалық тұрғын үй құрылысы. Бағдарлама аясында ауданы 240,5 мың шаршы метр болатын 45 тұрғын үй салынып, пайдалануға берілді. Нәтижесінде тұрғындар игілігіне 2 мың 887 пәтер ұсынылды. Бұдан бөлек жалдамалы тұрғын үй құрылысы да назардан тыс қалған жоқ. Өңір тұрғындары үшін осындай үш үй пайдалануға беріліп, 196 пәтер кілті табысталды. Бұл бастамалар баспанаға мұқтаж азаматтарды қолдауға бағытталған.
Мереке Мырамытов, облыстық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары:
- Тұрғын үй қазір отбасы банк тарапынан қаралып, кезекпен беріледі. Сондай-ақ қрылыстың сапасы салынған күннен бастап бүгінге дейін үнемі бақылауда. Тиісті ескертпелер беріліп, тиісінше жұмыстар атқарылды. Қазіргі күнде жұмыс қарқынды жүргізілуде.
Рүстем Қайратұлы, тілші:
- Бүгінде Абай облысының тұрғындары үшін түрлі ипотекалық бағдарламалар қолжетімді. Олар төмен пайыздық мөлшерлемемен баспана сатып ала алады. Осындай мүмкіндікті пайдаланғандардың бірі 25 жастағы Сұлтан Жоламанов. Ол биыл бір бөлмелі пәтерге ие болды.
Сұлтан Жоламанов, қала тұрғыны:
- Үй алуға ой үш жылдан бері мазалап жүрді. Оған дейін жалдамалы пәтерде тұрып жүрдім. Одан кейін 2 млндай алғашқы жарнаны құйып баспана алуға ниет еттік. Міне үш айдан бері өзіміздің пәтерде тұрып келеміз. Бір бөлмелі болса да, өз үйім өлең-төсегім.
Рүстем Қайратұлы, тілші:
- Тұрғын үй құрылысына жеке инвесторлар да үлес қосуда. Олардың қаражатына 99 тұрғын үй салынып, шамамен 6 мың пәтер қосылды. Ал әлеуметтік осал топтағы азаматтарды қолдау мақсатында 2 мың 762 пәтер сатып алынды. Биыл жыл соңына дейін 712 пәтерлік 13 несиелік тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған. Сонымен қатар тағы төрт үйдің құрылысы басталды. Алдағы жылдары өңірде көп қабатты 29 тұрғын үй салу көзделіп отыр. Бұл жұмыстың барлығы тұрғын үй қорын ұлғайтып, халықтың баспанаға қолжетімділігін арттыруға бағытталған.
Авторлары Рүстем Қайратұлы, Мәди Базарбеков