Ақтөбеде ақша бопсалады деген күдікпен екі ер адам ұсталды

фото: ЖИ

Ақтөбе облысында екі ер адам тұрғындардан ақша бопсалады деген күдікпен ұсталды, деп хабарлайды 24KZ.

Полиция мәліметінше, Хромтау қаласында жаттықтырушы болып жұмыс істейтін ер адам бұрыннан таныс кен орны қызметкерінен еш себепсіз жарты миллион теңге талап еткен. Ақшаны бермесе, жәбірленушінің өміріне қауіп төндіретінін айтып қорқытқан.

Ал Ақтөбе қаласының тұрғыны бұрын жақын қарым-қатынаста болған әйелден 700 мың теңге сұраған. Ол ақшаны бермеген жағдайда әйелдің интимдік сипаттағы бейнежазбаларын туыстары мен таныстарына тарататынын айтып қорқытқан.

Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері күдіктілерді жәбірленушілерден ақша алып жатқан кезде ұстады. Қазір екеуі де уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Аталған деректер бойынша Қылмыстық кодекстің 194-бабы («Қорқытып алу») бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, мұндай қылмыс үшін мүлкі тәркіленіп, төрт жылдан бастап бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін.