Инженерлік желілердің 95% цифрландырылған
Келешекте мүлік иелері бірлестіктері тұрғындардан жиналған қаржының есебін мемлекеттік жүйеге енгізіп отыруға міндеттелуі мүмкін.
Бұл жұмыс тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын цифрландыруға бағытталған «Смарт Тұрмыс» бірыңғай платформасы аясында жасалады. Мұны бүгін Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің өкілдері мәлімдеді. Жобаның өзі жыл соңына дейін бірнеше елді мекенде пилоттық режимде сынақтан өтеді. Ал келесі жылдың басында жүйе толық іске қосылмақ. Нәтижесінде су, жылу, жарық, газ және басқа да коммуналдық қызметтер туралы ақпарат бір арнаға біріктіріліп, сол арқылы тұтынылған ресурстарды есепке алу жеңілдеп, саланы басқару оңтайландырылады. Ведомство өкілдерінің сөзінше, қазірдің өзінде инженерлік инфрақұрылымның 95 пайызы цифрландырылған. Бірақ жаңа жүйе іске қосылады екен деп есептегіштерді жаппай ауыстырудың қажеті жоқ.
Нұрсұлтан Керемқұлов, ҚР ӨҚМ комитет төрағасының орынбасары:
«Қазіргі таңда Су кодексінің нормаларына сәйкес бізде есептегіштерді тек бірнеше жағдайда ғана ауыстырады. Ол бірінші, пайдалану мерзімі өткен жағдайда ауыстырылады. Кейін модернизациядан өткен жағдайда. Сосын әрине жаңадан қосылып жатқан үйлерде тұрғын үйлерде міндетті түрде ақпаратты автоматты түрде су арналарына беретін есептегіштер орнатылуы керек. Мынадай бір көп мәселе болып жатыр бізде. Халықтан да көп өтініш түсіп жатыр. Су арналары су есептегіштің пайдалану мерзімі өтпесе де жаңа су есептегіш қойыңдар деген талап беріп жатыр екен. Алайда бұл қате».