Ауыл шаруашылығында ЖИ енгізіледі: 2027 жылдан бастап жерді бақылау жоспарланып отыр
Қазақстанда ауыл шаруашылығына арналған жасанды интеллект жүйелері әзірленіп жатыр. 2027 жылдан бастап оны жердің жай-күйін бақылау мен басқа да бағыттарға кезең-кезеңімен енгізу жоспарланған. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілі Данияр Тұрсынов 24KZ эфирінде айтты.
Маманның сөзінше, қазір саладағы мемлекеттік ақпараттық жүйелерді біріктіретін бірыңғай платформа әзірленіп жатыр. Ол фермерлерге бірнеше жүйеге кірмей-ақ, бір жерден қажетті ақпарат алып, мемлекеттік қызметтерді пайдалануға мүмкіндік береді.
Қазір ауыл шаруашылығы саласында әр бағыт бойынша бөлек ақпараттық жүйелер жұмыс істейді. Фермер қажетті ақпаратты алу үшін бір жүйеден екіншісіне өтуге мәжбүр. Жаңа платформа осы жүйелерді біріктіріп, бір терезе арқылы бірнеше мемлекеттік қызмет пен ақпарат алуға жол ашады, – деді Данияр Тұрсынов.
Сонымен қатар жасанды интеллектіні жер және мал шаруашылығында, ветеринария саласында қолдану көзделген. Қазірдің өзінде «Жер инспектор» жүйесі ғарыштан түсірілген суреттер арқылы жердің тиімсіз пайдаланылуын анықтайды. Алдағы уақытта оған жасанды интеллект енгізіліп, жердің құнарлығы мен жай-күйін бағалау мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Бұл жұмыстарды 2027 жылдан бастап кезең-кезеңімен жүзеге асыру жоспарланған.
Ветеринария саласында да жасанды интеллект көмекшісі әзірленіп, қазір сынақтан өтіп жатыр. Бұдан бөлек, фермерлердің субсидия алуға қатысты сұрақтарына жауап беретін чат-бот іске қосылған. Қазір оның деректер қоры толықтырылып жатыр.
Ветеринария саласында жасанды интеллект көмекшісі қазір тестілеу кезеңінен өтіп жатыр. Толық сынақтан өткеннен кейін жүйе жұмысқа қосылады. Ал субсидия алуға өтініш беретін фермерлер туындаған сұрақтарына арнайы чат-бот арқылы жауап ала алады, – деді министрлік өкілі.
Оның айтуынша, жасанды интеллект жұмысының сапасы ең алдымен деректердің толықтығы мен нақтылығына байланысты. Сондықтан цифрлық жүйелерді қажетті ақпаратпен толықтыру жұмыстары да қатар жүргізіліп жатыр.