Екібастұздағы құрылыс алаңында 13 шетелдік заңсыз жұмыс істеген
Екібастұзда тиісті рұқсатсыз еңбек қызметін жүзеге асырған 13 шетел азаматы анықталды, деп хабарлайды 24KZ Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Екібастұз қалалық полиция басқармасы көші-қон қызметі бөлімінің қызметкерлері «Заңсыз келуші» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында тексеру жүргізген. Нәтижесінде тиісті рұқсатсыз жұмыс істеген 13 шетел азаматы анықталды.
Тексеру М. Жүсіп және М. Әуезов көшелерінің қиылысында орналасқан құрылыс нысанында жүргізілді.
Іс-шара барысында шетел азаматтары мән-жайды анықтау және тиісті шаралар қабылдау үшін көші-қон қызметі бөліміне жеткізілді.
Оларға қатысты Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес әкімшілік материалдар толтырылды.