Петропавл жылу электр орталығындағы мұржа екі жылда бұзылады

Петропавлдың жылу электр орталығындағы үш мұржаның бірі алдағы екі жылда бұзылады. Жауаптылардың айтуынша, мұржа қазір пайдаланылмайды. Тағы бірі жөнделіп жатыр. Еске сала кетсек, бірнеше жыл бұрын дәл осы орталықтың бір мұржасы опырылып құлаған еді, деп хабарлайды 24KZ.


Аснурия Абдулла, тілші:

– Биыл жылу электр орталығының инвестициялық бағдарламасын жүзеге асыруға 4 млрд 250 млн теңгеден астам қаражат бөлінді. Бұл ақшаға 3 жоба жүзеге асырылады. Оның ішіндегі маңыздыларының бірі – №2 қазандық агрегатын қайта жаңғырту жұмысы.

Анатолий Казановский, «Севказэнерго» АҚ бас директоры:

– Бұл жобаның жалпы құны 28 млрд теңгеден асады. Бүгінгі таңда қазандық оттығының қаңқасы, қызмет көрсету алаңдары, аспалы жүйесі бар оттық үстіндегі төбе және экрандар монтаждалды. Сондай-ақ екі шарлы барабанды диірмен орнатылды. Компания энергетикалық жабдықтарды жаңғыртуды өз қаражаты есебінен қаржыландырады.

Жылу электр орталығындағы үш мұржаның бірі жөнделіп жатыр. Мамандардың айтуынша, жөндеуден кейін мұржа тағы кемінде 20 жыл жарамды болады. Ал екінші мұржасын алдағы уақытта толықтай бұзу жоспарланып отыр. Себебі ол пайдаланылмайды. Еске сала кетейік, 2022 жылы мұнда мұржалардың бірі опырылып құлаған болатын. Кәсіпорын басшылығының мәлімдеуінше, қазіргі уақытта орталық жабдықтарының ескіру көрсеткіші 58 пайыз. Энергетиктер №6, 9, 10, 11 қазандықтар мен №4 турбоагрегатты жөндеді. Жақын арада №8 қазандықты жөндеу аяқталады.

Сондай-ақ оқыңыз: