Желтоқсаннан бастап жеңіл өнеркәсіп тауарлары таңбаланады
Желтоқсан айынан бастап елде жеңіл өнеркәсіп тауарлары мен зергерлік бұйымдар міндетті түрде таңбалануға тиіс, деп хабарлайды 24KZ.
Бұл жүйе цифрлық сәйкестендіру мен дерек алмасу арқылы тауардың өндірілген немесе импортталған сәтінен бастап тұтынушыға дейінгі жолын қадағалауға мүмкіндік береді. Оны енгізудегі мақсат – сауда-саттықтың ашықтығын арттырып, көлеңкелі нарықты азайту. Мемлекеттік бақылау аясында алдымен темекі өнімдері таңбалана бастаған. Ал 2021 жылы тізімге аяқ киім, 2024 жылы дәрі-дәрмек енгізілді. Биылдан бастап мотор майлары мен сыра, биологиялық белсенді қоспалар таңбаланатын болды. Мамандардың айтуынша, тауар таңбалау нәтиже бере бастаған. Мысалы, дәріханада тегін берілуге тиіс дәрі-дәрмектің сатылғаны анықталды. Заңсыздықтар үшін 31 ұйым 12 миллион теңгеден аса айыппұл төледі. 43 дәріханаға олқылықты жою туралы нұсқама берілген.