Қазақстанда Instagram мен Threads ең белсенді әлеуметтік желілер деп танылды
Қазақстанда Instagram ең белсенді әлеуметтік желі болып отыр. Сонымен қатар Threads платформасының танымалдығы артып, қоғамдық мәселелер талқыланатын алаңға айналып келеді. Бұл туралы Brand Analytics компаниясының 2026 жылғы тамызда жүргізген зерттеуінде айтылған, деп хабарлайды 24KZ.
Қазақстандықтар қай әлеуметтік желілерді жиі пайдаланады?
Тамыз айында Instagram желісінде 43,88 млн жарияланым шыққан. Платформада 4,75 млн адам белсенді түрде контент жариялаған.
Екінші орынға Threads жайғасты. Бір айда бұл желіде 13,52 млн жарияланым жарық көріп, оларды 1,23 млн қолданушы әзірлеген.
Зерттеушілер Facebook пен YouTube желілеріндегі белсенділіктің де артқанын атап өтті. Бір жылда Facebook-тегі жарияланымдар саны екі есеге жуық көбейсе, YouTube-тағы көрсеткіш 20%-ға өскен.
Қазақстандықтар жаңалықтарды қайдан біледі?
2026 жылғы ақпан-наурыз айларында Demoscope жүргізген сауалнамаға 1 100 адам қатысқан. Нәтижелерге сәйкес, респонденттердің басым бөлігі жаңалықтарды әлеуметтік желілерден алады.
· 55,9%-ы жаңалықтарды ең алдымен әлеуметтік желілерден біледі;
· 30,6%-ы интернет-сайттарды пайдаланады;
· 30,2%-ы ақпаратты теледидардан алады.
Дегенмен ақпарат көзінің танымалдығы оған деген сенімнің жоғары екенін білдірмейді. Сауалнамаға қатысқандардың 57,4%-ы мемлекеттік БАҚ-қа, 37,3%-ы жекеменшік БАҚ-қа сенетінін айтқан. Ал блогерлер мен пікір көшбасшыларына респонденттердің 16,6%-ы сенім білдірген.
Әлеуметтік желілер оқиғалардан жедел хабардар болуға, пікірлерді оқуға және өзекті тақырыптар төңірегіндегі талқылауларды бақылауға мүмкіндік береді. Алайда желідегі жарияланымдардың бәрі бірдей тексерілген ақпарат бола бермейді.