Қазақстанда 6,2 млн отбасының әл-ауқаты цифрлық карта арқылы бағаланады
Қазақстанда 6,2 млн отбасы мен үй шаруашылығының әлеуметтік жағдайы 30-дан астам мемлекеттік ақпараттық жүйенің деректері негізінде бағаланады. Бұл мәліметтер Отбасының цифрлық картасында жинақталған, деп хабарлайды 24KZ ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап.
Отбасының әл-ауқатын бағалау кезінде екі негізгі мәселе ескеріледі: материалдық жағдайы және әлеуметтік тұрақтылығы.
Материалдық жағдайды анықтау үшін алты бағыт бойынша 59 көрсеткіш қарастырылады. Олардың қатарында отбасының қаржылық жағдайы, жұмыспен қамтылуы, жылжымалы және жылжымайтын мүлкі, көлігі, кәсіпкерлік қызметі, ауыл шаруашылығы активтері мен несие міндеттемелері бар.
Қажетті мәліметтер мемлекеттік ақпараттық жүйелерден тікелей алынады. Осы деректердің негізінде отбасылар әл-ауқатына қарай А-дан Е-ге дейінгі бес санатқа бөлінеді.
Бұл санаттар заңнамада мұқтаждық өлшемшарты белгіленген әлеуметтік төлемдерді тағайындау кезінде ғана ескеріледі.