Қостанай облысында қазақ тілін үйренуге қызығушылық артты

Қостанай облысында былтыр тілдерді оқыту орталықтарында 7 мыңға жуық адам қазақ тілін үйренген.

Ал биыл тілді меңгеруге ниеттілер саны 9 мыңға жеткен. Олардың ішінде тіл үйреніп қана қоймай, төл өнерімізді насихаттап жүргендер де аз емес. Жалпы елдегі өзге этнос өкілдерінің мемлекеттік тілді үйренуге қызығушылығы артқан.

Әулиекөл аудандық ауруханасының акушер-гинекологы Кристина Зеленконың ұлты украин. Қазақша жатық әрі еркін сөйлейді. Оның айтуынша дәрігер үшін тіл білудің маңызы зор. Қазақ тілін үйренуге оған араласқан ортасы ықпал еткен.

Кристина Зеленко, акушер-гинеколог: 

- 1-сыныптан бастап, 4-сыныпқа дейін орыс сыныпта оқыдым. Одан кейін менің ата-анам қазақ сыныпқа жіберді. 5-сыныптан бастап 7-сыныпқа дейін қазақша оқыдым. Мектебімде, сыныпта бәрі қазақша болды. 

Ал Кристинаның әріптесі Дмитрий Омелченконың қазақшасы көп адамды шаң қаптырады.

Дмитрий Омельченко, медицина қызметкері: 

- Мен Солтүстік Қазақстан облысының тумасымын. Уәлиханов ауданы, Ақтүйесай ауылы. Қазақша қайда сөйлеуді үйрендім. Мектепте негізінен. Қазақша мектепте оқығам.

Бейімбет Майлин ауданындағы мәдениет үйінің қызметкері  Марк Забелин қазақ тілін енді үйреніп жүр. Қазір ол тіл меңгерумен шектелмей, төл өнерімізге ынта қойған. «Тик-токта» қазақ әндерімен танымал болдым-дейді.

Марк Забелин, мәдениет үйінің өнерпазы:

- Қазір қазақша өлеңдерді айтып жүрмін. Негізінен қазақ дәстүрлері өте әуенді. Ұлтым орыс, жаным қазақ как говорится.

Жоғарыда біз тілдескен өзге ұлт өкілдерінің барлығы да  өмір сүріп жатқан елге құрмет мемлекеттік тілді үйренуден басталатынын айтады. Және олардың қатары жылдан жылға көбейіп келеді.  

Динара Закарина, Әулиекөл аудандық тілдерді оқыту орталығының басшысы:

- Қазіргі таңда тілдерді оқыту орталығында 348 адам оқытылады тыңдаушы. Соның 248 мемлекеттік тілде, 107-сі ағылшын тілінде. 

Қостанай облысы бойынша 20 тілдерді оқыту орталығы бар. Қазіргі кезде оларда 9 мыңнан астам адам қазақ тілін үйреніп жүр. 

Авторлары Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг

Сондай-ақ оқыңыз: