Жетісу облысында 439 мың тонна жүгері жинау жоспарланып отыр
Жетісу облысында жүгері жинау науқаны қызу. Биыл аймақ шаруалары аталған дақылды 63 800 гектарға екті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 20 мың гектарға артық. Қазіргі таңда дихандар егістік алқаптағы жүгерінің тең жартысын жинап үлгерді, деп хабарлайды 24KZ.
Жетісу облысында жүгері жинау науқаны қызу. Биыл аймақ шаруалары аталған дақылды 63 800 гектарға септі. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 20 мың гектарға артық. Қазіргі таңда дихандар егістік алқаптағы жүгерінің тең жартысын жинап үлгерді. Күздің әрбір жайма шуақ күнін тиімді пайдаланып, ел ырысын есеуге тырысқан дала еңбеккерлерімен тілшіміз тілдесіп қайтты. Ерлік Оразбаев Панфилов ауданындағы ең үлкен шаруашылықтың біріне жетекшілік етеді. Ол биыл 500 гектар жерге жүгері сеуіп, соның үштен бір бөлігіне су үнемдеу технологиясын қолданды. Жаңашылдыққа жаны құмар шаруа мемлекеттік қолдаудың да игілігін көріп отыр.
Ерлік Оразбаев, шаруа қожалығының іс жүргізушісі:
– 2019 жылдан бері жермен айналысып келеміз. Аллаға шүкір, үкіметтен субсидия алып отырмыз. Күзгі және көктемгі жұмыстарға солярка алып отырмыз. Аллаға шүкір, ауылымыздың азаматтарын жұмыспен қамтып келеміз.
Ірі серіктестіктер жиналған дақылды өздерінің қамбасына жинаса, ал шағын шаруашылықтар өнімді көпшілікке арналған қырманда кептіріп жатыр. «Олар жүгерінің шығымына қарағанда биыл шығыны көп», – дейді.
Жұмағали Табылдиев, шаруа қожалығының жетекшісі:
– Техникаңыз бір гектар жерді оруға 45 мың теңге алады. Оны қырманға жеткізу үшін әр келі жүгеріге 2 теңгеден төленеді. Сонда 20 тонна жүгері алып келсеңіз, тек КамАЗ-ға 40 мың теңге бересіз. Осындай жағдайлар көп. Соның салдарынан өз шығыныңды да ақтай алмайсың.
Панфилов ауданы бойынша 180 мың тонна жүгері жиналады деп болжанып отыр. Дақылдың басым бөлігін шаруалар жергілікті крахмал сірне зауытына өткізеді. Өндірістегілер: «Баға нарыққа байланысты қалыптасады», – дейді.
Ғалымжан Бақытжанұлы, «Казкрахмал» ЖШС кептіру кешенінің директоры:
– Жалпы біздің қабылдау көлеміміз – 150 мың тонна бұршақ. Қазір бізге төрт ауданнан жүгері келіп жатыр. Науқан кезінде жүгеріні күндіз де, түнде де қабылдаймыз. Тәулігіне 2 500-2 600 тонна бұршақ қабылдап жатырмыз. Жүгеріні ылғалдылығы 15%-ға дейін болса, 90 теңгеден, ал ылғалдылығы белгіленген мөлшерден жоғары болса, 85 теңгеден қабылдаймыз.
Өңірде жүгері дақылын қабылдайтын бірнеше өндіріс орны мен қойма бар. Зауыттарға өткізілген өнімнің әр келісі үшін шаруаларға жергілікті қазынадан қосымша қаржы төленеді.
Нұрдәулет Кененбаев, Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:
– Шаруаларды қолдау мақсатында зауытқа өткізілген әрбір тонна дәндік жүгеріге мемлекет тарапынан 13 мың теңге субсидия қарастырылған. Шаруалар құжаттарын бізге тапсырып, барлығы дұрыс болған жағдайда, осы 13 мың теңгені төлеп береміз. Жетісу облысында биыл былтырғы жылмен салыстырғанда жүгері 20 мың гектарға артық себілді. Қазіргі таңда жалпы егіс көлемі 63,8 мың гектарды құрап отыр. Өнімділік те өте жақсы, былтырғы жылмен салыстырғанда айтарлықтай жоғары деуге болады. Қазір әр гектардан 45–80 центнерден өнім алынып жатыр.
Әділхан Еркенов, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің басқарма басшысы:
– Қазан айында әлемдік нарықта жүгерінің бағасы төмендеп кетті. АҚШ биржасында бір тонна жүгерінің бағасы 180–190 долларды құрады. Бұл өткен аймен салыстырғанда 10 пайызға төмен. Сонымен қатар АҚШ пен Еуропадағы дәнді дақылдар қоры күтілген межеден асып түсті. Бұл жағдай да өз кезегінде бағаның төмендеуіне әсер етті.
Жетісу облысында жүгері жинау науқаны қара күзге дейін жалғасады. Саладағылар биыл 439 мың тонна өнім алуды жоспарлап отыр.
Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев