Жастар эмодзи тілінде сөйлесуге әуес
Телефонға сөз шығын болса, хат жазасыз. Тіпті мәтін теріп те әуре болмайсыз. Шағын суреттер сіздің көңіл-күйіңізді, не қалағаныңызды жазудан да айқын көрсете алады, деп хабарлайды 24KZ.
Бұл – эмодзи тілі!
Сөйтіп, технология дамыды, адамның қолы ұзарды. Дегенмен кейінгі ұрпақ жазу-сызудан қалып барады, ауызекі сөздің де қадірі кетіп бара жатқан жоқ па деген алаң бар. Өйткені қазір, бала тұрмақ үлкендерде қысқа қайырады. Шолақ сөйлем, шолақ сөзге құмармыз. Ал эмодзи тілі өмірімізге дендеп енді. Зуммерлер тілін енді, альфа ұрпақ жалғады.
Иә, қазіргі смартфондардың мүмкіндігі көп. Соған сай адам арасындағы қарым-қатынас түрлі тәсілмен өрбіп жатыр. Солардың бірі – эмодзи тілі, яғни шағын суреттер көмегімен әңгімелесу. Алғашқы эмодзиды 2000 жылдары жапон дизайнерлері қолданысқа енгізді. Жапоншадан аударғанда «э» – сурет, «модзи» – әріп деген мағына береді. Эмодзи тілі кез келген жанға түсінікті. Сондықтан да қолданыс аясы күн санап кеңейіп келеді. Бір қызығы, эмодзилердің әр уақыттағы қолданылу мөлшеріне қарай отырып сол кезеңдегі ахуалды аңғаруға болады. Мәселен, «ковид» дерті тараған 2021 жылы «күйзеліс» эмодзиі көп қолданылған. Арада екі жыл өте «жүрек» белгішесі жиі пайдаланылды. Ал былтыр бір қарағанда күліп тұрған немесе жылаған бейнеге ұқсайтын эмодзи танымал болды.
Кербез Болатбекқызы, студент:
– Бұл негізі күліп тұрған смайлик. Бірақ оны ата-анама жіберсем, олар мені жылап тұр деп ойлап, шошып кетуі мүмкін. Бірден хабарласып: «Не болып қалды?», - деп сұрайтын шығар. Ал өзіммен жасты достарыма жіберсем, олар менің күліп тұрғанымды білдіретінін бірден түсінеді.
Мамандардың айтуынша, қазір жасөспірімдердің басым бөлігі хат жазып, қоңырау шалғаннан көрі эмодзи тілімен сөйлескенді жөн көреді. Бұл бір жағынан уақыт үнемдесе, екінші тұсы – ішкі ойын жан-жақты жеткізуге ыңғайлы тәсілге айналып отыр. Сондай-ақ кейінгі жылдары стикерлер де кеңінен танымал бола бастаған.
Дамир Есенаев, студент:
– Жұмыс барысында смайликтер көбінесе түсінікті әрі басқа ешқандай астарлы мағынасы жоқ, яғни оларды әдеттегідей қолдануға болады. Ал достарымның арасында өзімнің қызығушылықтарыма байланысты әртүрлі стикерлер болуы мүмкін.
Жәнібек Қайыпхан, студент:
– Маңызды емес нәрсе болса, яғни өзің үшін аса маңызды болмаса, осылай жібере салуға болады. Мысалы, досымнан бір нәрсеге көмектесуін сұраймын. Ол: «Иә, көмектесемін», - дейді. Сосын мен оған әзілге толы, қызықты әрі қазіргі трендке сай бір стикер жіберемін.
Жастармен тығыз жұмыс істейтін Нұрзада Амангелді қазіргі ұрпақ өз ойын сөзбен жеткізгеннен көрі, суреттер тілінде сөйлеуге әуес екенін байқағанын айтады. «Олардың адамға деген ілтипатын жіберген стикерлерінен көруге болады», – дейді ол.
Нұрзада Амангелді, ЕҰУ жасанды зерде институтының зерттеушісі:
– Мысалы, жай ғана «рақмет» дегеннің орнына қыздар стикер жібереді. Әдемі бір аю ма, білмеймін, әйтеуір жүрегін құшақтап, көзінен жас ағып тұрған сүйкімді бір жануардың стикері. Сол стикер арқылы адамның сол сәтте сезініп отырған эмоциясын, бүкіл көңіл күйін жеткізуге болады. Жастардың жан дүниесі бізге қарағанда нәзіктеу деп ойлаймын. Дегенмен біз басқа кезеңде дүниеге келдік, өстік. Мүмкін, біз кішкене қыспақ көріп өстік пе, әйтеуір сәл қаталдау болып кеткен шығармыз. Ал жастардың жан дүниесі нәзік болғандықтан, олар сол нәзіктігін стикерлер мен смайликтердің көмегімен көрсетеді. Негізі бұл уақытқа да байланысты деп ойлаймын.
Дегенмен мамандар технология дамыған сайын адамның тілдік қоры жұтаңдануынан қауіптенеді. Тіпті соның салдарынан баланың тілі де кеш шығады.
Мөлдір Мұхаметкәрімқызы, психолог:
– Қазір екі-үш жастағы баланың өзі телефонды алғанда мысалы ватсаппен хабарлама жібергенде олар әріпті танымағандықтан эмодзимен, яғни смайликтармен жібереді. Ол әрі смайликтің қандай мағынан беретінін қазіргі балалар біледі. Сол себептен бала бірінші әріпті танымастан бұрын, телефонды жақсы таниды балалар жалпы. Тілінің анық шығуы, дұрыс сөйлеуі жалпы ол үйдегі ата-анаға да байланысты. Қазіргі ата-аналар ол телефонға байланып қалған баламыз немесе теледидардан көргені сол деп, теледидарға немесе телефонға жауып тастайды.
«Әрине, технология қанша дамығанымен бала тәрбиесінде тілдік қорды дамытуға баса мән беру қажет деп санайды», - маман. Бұл тұрғыда кітап пен түрлі аудио-видеосабақтардың берері мол. Ал қазіргі жаһандану дәуірінде эмодзи тілі қосымша қарым-қатынас құралы ретінде дами беретіні де айқын.
Авторлары: Нұрқанат Қанапия, Самат Қазанбаев