«Нұр Жолы» өткізу бекетіндегі жүктеме азайды
Қытаймен шекарадағы «Нұр Жолы» өткізу бекетінде көлік кептелісі бәсеңдеді. Біраздан бері қаңтарулы қалған темір тұлпарлар бүгінде бұл жолға балама «Қорғас» арқылы өткізіліп жатыр, деп хабарлайды 24KZ.
Сондай-ақ кедендік рәсімдер мен ақпарат алмасу едәуір жеңілдеген. Бұл жұмыстар Мемлекет басшысының Қазақстанның транзиттік-көлік әлеуетін дамыту тапсырмасы аясында іске асты.
Бұл – «Нұр Жолы» өткізу бекеті. Қытаймен шекарада 5 мыңнан астам жеңіл автокөлік қалып қойған. Олардың кейбірі бір айдан бері қаңтарулы тұр. Қазір көрші елден келетін көліктердің бір бөлігі «Қорғасқа» бағытталып жатыр. Соның арқасында кедендегі жүктеме азайып, ұзын-сонар кезек сейілді.
Нұржан Сұлтаналиев, «Қорғас» ШЫХО АҚ басқарма төрағасы:
– Мамыр айынан бастап Қытай тарапымен трансшекаралық тасымалдың жаңа моделін енгізу жұмыстарын жүргіздік. Оның аясында автокөлік ағынын «Нұр Жолы» өткізу пунктінен «Қорғас» халықаралық шекара маңы ынтымақтастығы орталығына бағыттау көзделген. Қытай тарапы бұл бастаманы қолдап, қыркүйекте пилоттық жобаны іске асыруға кірісті. Қазан аралығында жаңа бағыт арқылы тәулігіне 1100-ден астам көлік өтті.
Көлік ағынының артуы жүк тасымалының қымбаттауына әсер етеді. Жыл басынан бері «Нұр Жолы» өткізу пункті арқылы өткен темір тұлпар саны 197 мыңнан асқан. Бұл былтырғы көрсеткіштен 74,5 пайызға көп. Шекарадағы ахуалға байланысты тасымалдаушылар жүктерін Қырғызстан, Моңғолия және Ресей арқылы өткізуге мәжбүр болды.
Серік Дайырбай, «Қорғас» ШЫХО АҚ Инвестиция және туризмді дамыту департаментінің бас маманы:
– Өткізу системаларына жаңалықтар енгізілді. Электронды бақылау жүйе енгізілді. Бұрынғы таңда мысалы келушілерді паспорттық бақылаудан өткізген кезде 1 адамға 1 минут уақыт кететін. Ал қазір 1 адамға 10-15 секунд уақыт жұмсаймыз.
Жуырда «EuraTrade Link» цифрлық платформасы іске қосылды. Жүйе жүк туралы мәліметтерді алдын ала алмасуға және өңдеуге мүмкіндік береді. Бұл кедендік рәсімдерді жеңілдетіп, құжаттарды тексеру уақытын қысқартады. «Әрі шекарадағы көлік қозғалысын реттеуге сеп», – дейді мамандар.
Авторы: Назерке Тоқжан