Алаш ардақтысы Анадолыда айрықша ұлықталады
Бүгін – Ұлт ұстазының туған күні. Дәуір жылжып, заман көшсе де қазақ ағартушысы Ахмет Байтұрсынұлының есімі ұмыт болған жоқ. Оның мұрасы шекара асып, Анадолыда да айрықша ұлықталып келеді.
Түрік ғалымдары Алаш арысының еңбектерін зерттеуіне арқау етсе, кейінгі буын Ахметтану бағытындағы ізденісін жалғастырып келеді. Ал осыдан 4 жыл бұрын Анкарада Байтұрсынұлының есімімен саябақ ашылып, еңселі ескерткіші бой көтерді.
Әсия Нұрлыбаева, тілші:
- Анкараның шет ауданындағы бұл саябаққа Ахмет Байтұрсынұлының есімі берілген. Осыдан төрт жыл бұрын Ұлт ұстазының туғанына 150 жыл толуына орай ашылған саябақта оның ескерткіші де бой көтерген. Ал мына жасыл желектің ортасында мерейтой құрметіне отырғызылған 150 түп ағаш өсіп тұр. Бүгінде бұл жер қазақ ағартушысының есімін Анадолыда ұлықтайтын мәдени орынға айналған. Біздің түсірілім тобымыз да Алаш арысына тағзым етіп, гүл шоқтарын қою үшін арнайы келді.
Әсия Нұрлыбаева, тілші:
- Иә, ұлт ұстазының есімі шекара асып, түркі әлемінде кеңінен ұлықталып келеді. Дегенмен тас тұғырдағы есімнің таныстығы мен халық жадындағы тұлғаның орны бір бөлек. Халқымыздың біртуар азаматы, алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсынұлы туралы жергілікті жұрт не біледі? Ағартушы ғалымның мұрасымен қаншалықты таныс, осы жермен күнделікті өтетін тұрғындардан сұрап көрейік.
- Сәлеметсіз бе! Саябаққа есімі берілген Ахмет Байтұрсынұлы туралы не білесіз?
- Бұл саябаққа келмей тұрып, білмейтін едім. Кіреберістгі ескерткіштен есімін көріп, бірден зерттей жөнелдім. Қазақ әліпбиінің негізін қалаушы ғалым деп білемін.
- Күнделікті осы жерге достарыммен ойнауға келеміз. Мұнда Ахмет Байтұрсыновтың ескерткіші де бар. Сондағы жазу бірден көзге түседі. Әрі күн сайын осы жерден өтетін болған соң танимын. Білуімше, Ахмет Байтұрсынов қазақ ғалымы, жазушы болған.
Ал түрік ғылыми ортасында Ахмет Байтұрсынұлының мұрасын зерделеу бір сәт те тоқтаған емес. Алаш зиялыларының арасында ең ауқымды зерттеулерге арқау болғаны да – Ұлт ұстазының еңбектері. Ағартушының мұрасын Анадолыда алғашқылардың бірі болып зерттеген түркиялық ғалым – Нергис Бирай. Оның ізденісі Ұлт ұстазының есімін түрік ғылыми кеңістігіне танытуға сеп болды.
Гүлжанат Құрманғалиева-Ержиласун, тарих ғылымдарының профессоры:
- 2022 жылы Нергис Бирайдың бірнеше еңбегі шықты. 150 жылдыққа менің қосқан үлесім болсын деп осы еңбекті де шығарды. Көбінесе Ахмет Байтұрсынұлы тіл және әдебиет мамандары зерттейтінін көріп жүрміз. Алғашқы зерттеулердің көбі – сол өлеңдері, жалпы еңбектері. Бірақ кейінгі кездері тарихшыларда да диссертациялар қорғады.
Иә, Ахмет мұрасы тек ғылыми еңбектермен шектелмейді. Оның есімі Түркиядағы жоғары оқу орындарында да дәріптеліп, жас зерттеушілердің ізденісіне арқау болып келеді. Әсіресе ағартушының қазақ тіл білімі мен әдебиетіне қатысты еңбектері түркітану бағытында көп зерттеледі.
Жемиле Кынажы Баран, түрколог, профессор:
- Біз сабақтарымызда әдебиет және тіл саласындағы жұмыстарды үйретеміз. Балалар оның өлеңдерін өте жақсы көреді, жаттап алады. Оның ағартушылық туралы өлеңдерін әсіресе өте жақсы көреді. Жас ғалымдардың грамматика және тіл жайында диссертациялары бар.
Дәуір алмасып, уақыт көшсе де, ғалымның артында қалдырған ізі өшкен жоқ. Оның құнды мұрасы шекара асып, ұлағатты жолы Анадолыда ұлықталып келеді. Ал Анкара төріндегі ескерткіш пен есімі берілген саябақ Байтұрсынұлы есімінің түркі дүниесінде де ардақталатынын айғақтайды.
Авторы: Әсия Нұрлыбаева