ҚАЗТЕСТ емтиханы 29 қазанда өтеді: қалай өтінім беруге болады?
Қазақ тілін меңгеру деңгейін бағалайтын ҚАЗТЕСТ жүйесі бойынша сертификаттау тестілеуіне өтінімдер 19-27 қазан аралығында қабылданады, деп хабарлайды 24KZ Ұлттық тестілеу орталығына сілтеме жасап.
Емтихан 29 қазанда Астана, Алматы, Шымкент, Ақтөбе, Ақтау, Атырау, Жезқазған, Көкшетау, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Өскемен, Орал, Петропавл, Павлодар, Семей, Талдықорған, Түркістан және Тараз қалаларында өтеді.
Тестілеуге қатысу үшін app.testcenter.kz сайтына тіркеліп, «Өтінім беру» батырмасын басу қажет. Одан кейін «Қазақ тілін меңгеру деңгейін бағалау жүйесі – ҚАЗТЕСТ» бөлімін таңдап, «ҚАЗТЕСТ жүйесі бойынша сертификаттау тестілеуі» қызметіне өту керек.
Тестілеу төрт бөлімнен тұрады. Тыңдалым бөліміндегі 20 тапсырманы орындауға 20 минут, ал оқылым бөліміндегі 40 тапсырмаға 50 минут беріледі. Жазылым бөліміндегі екі тапсырманы орындауға 50 минут, айтылым бөліміндегі екі тапсырмаға 7 минут қарастырылған.
Сертификат алу үшін қатысушы әр бөлім бойынша белгіленген шекті балды жинауы тиіс. Жазылым және айтылым бөлімдерінің нәтижелері тестілеу аяқталғаннан кейін 15 жұмыс күні ішінде қатысушының жеке кабинетінде жарияланады.
Тестілеуге қатысу құны – 7 121 теңге.