Абай облысындағы орталықта балаларға күш көрсеткендер қызметтен шеттетілді
Абай облысы Аягөз ауданындағы арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында балаларға қатысты 100-ден астам зорлық-зомбылық дерегі анықталды. Бұл фактілер бойынша прокуратура сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады, деп хабарлайды 24KZ.
Прокуратураның тексеруі барысында мекеме санитарлары ерекше қажеттілігі бар балалардың дәрменсіз жағдайын пайдаланып, оларға жүйелі түрде физикалық және психологиялық зорлық-зомбылық көрсеткені анықталған.
Бұған қоса, заңсыз әрекеттер кейбір қызметкерлердің көз алдында жасалған. Алайда олар зорлық-зомбылықты тоқтатуға әрекет етпеген.
Прокуратура Қылмыстық кодекстің 140-бабы 3-бөлігі, яғни екі немесе одан да көп кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады.
Тәрбиеленушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қатысы бар кінәлі тұлғалар қызметтік міндеттерін атқарудан шеттетіліп, балалармен қарым-қатынас жасауы шектелді, - делінген хабарламада.
Қазіргі уақытта тексеру жалғасып жатыр.