Түркістан облысының құтқарушылары 139 адамды аман сақтап қалды
Биыл Түркістан облысының құтқарушылары 16 мың шақыртуға шығып, 139 адамды аман сақтап қалды.
Бүгін құтқарушылардың кәсіби мерекесіне орай сала мамандары мен ардагерлеріне құрмет көрсетілді. Түркістандағы Отырар мөлтек ауданында "Құтқарушылар аллеясында" сала мамандарына арналған еңселі ескерткіш ашылды.
Алмаз Жандәулетов 4 жылдан бері облыстық Төтенше жағдайлар департаментіне қарасты кинология бөлімін басқарады. Жалпы еңбек өтілі - 20 жыл. Тәжірибелі кинолог "Зена" есімді мына иісшіл итті күшік кезінен бағып, осы салаға бейімдеген. 2 жыл күнделікті дайындықтан өтіп, өз қабілетін шыңдағанын айтады. Соның нәтижесінде 2024 жылы Алматыда өткен кинологтардың республикалық сайысында үздік нәтиже көрсетіпті.
Алмаз Жандәулетов, облыстық төтенше жағдайлар департаменті кинология бөлімінің бастығы:
- Ол жерде үш тапсырма болды. Бірінші тапсырма - тыңдау. Екіншісі үйінділердің астынан түнде адам іздеу, үшінші тапсырма - таулы аймақта тоғайдың ішінен жоғалған адамды іздедік. Сол жерде жақсы нәтиже көрсетіп, 1-орын иелендік. Ол жерде 25 ит қатысты, соның арасынан Зена үздік шықты.
Кәсіби кинологтың айтуынша, қызметтік итті үйрету оңай емес. Күнделікті баладай мәпелеп, жақсы көргенде ғана айтқаныңды орындайды, дейді. Алмаз Жандәулетов Зенаның көмегімен осы уақытқа дейін облыс аумағындағы таулы аймақтарда өз бетімен тауға шығып, кейін адасып кеткен онға жуық демалушыны іздеп тапқан.
Алмаз Жандәулетов, облыстық төтенше жағдайлар департаменті кинология бөлімінің бастығы:
- Оқиға орнына барған соң "осы бағытқа қарай кеткен" деп, бізге бағыт көрсетіледі. Ол бағытқа қарай итті жібергеннен кейін ол бізден ұзап кетеді. Жоғалған адамды тапқаннан кейін үріп, бізге белгі береді. Біз иттің дауысы шыққан жаққа барып, жоғалған адамды тауып, көмек көрсетеміз.
Түркістан облыстық Төтенше жағдайлар департаментінде 1600-ден астам қызметкер еңбек етеді. Соңғы 2 жылда өрт сөндіру қызметінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға 1,7 млрд теңге бөлінді. 36 өрт сөндіру автокөлігі сатып алынды. «Ауыл құтқарушысы» бағдарламасы аясында 16 өрт сөндіру бекеті ашылды. Ораңғай ауылы мен Ленгір қаласында өрт сөндіру бөлім іске қосылды. Кәсіби мерекеде бірқатар сала қызметкеріне министірліктің алғыс хаты мен төсбелгілері табыс етілді.
Одан кейін Отырар мөлтек ауданындағы "Құтқарушылар аллеясында" өзгені құтқарамын деп, өзі көз жұмған қаһарман құтқарушыларға арналған ескерткіш ашылды. Шараға қатысушылар қауіп-қатерге қарамастан көмекке асығатын құтқарушылардың еңбегі, батылдығы мен жауапкершілігі қоғам қауіпсіздігі үшін айрықша маңызды екенін жеткізді.
Бағдат Чайзада, Түркістан облысы төтенше жағдайлар департаментінің бастығы:
- Құтқарушы деген қатты батылдықты, төзімділікті талап ететін мамандық. Біздің ардагерлерімізге, қызметкерлерімізге тағзым ретінде осы ескерткішті бүгін ашып отырмыз. Көріп жатырсыздар өте керемет. Бұл аллеяны осы жерден таңдағанымыз, себебі осы жақта Отырар мөлтек ауданында халық өте көп тұрады.
Айта кетейік, бұл аллеяда "Құтқарушылар аялдамасы" орналасқан. Онда барлық қауіпсіздік ережелері жазылған. Енді қоғамдық көлікті күткен тұрғындар құтқару және қауіпсіздік ережелерімен де танысып отырмақ.
Авторлары Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш