Қазақстан әуе кеңістігінде тәулігіне 1300-дей ұшаққа қызмет көрсетіледі
Білесіз бе, біздің төбемізден, яғни Қазақстан арқылы бір мезгілде 250-ге дейін жуық ұшақ ұшып өтеді. Биылдыққа елге 400 мыңға тарта әуе кемесі келді. ҚазАэроНавигация тәулігіне 1 мың 300-дей ұшаққа қызмет көрсетеді, деп хабарлайды 24KZ.
Мұның барлығын атқарып, ұшып-қонғанын реттеп отырған – әуе диспетчерлері. Бір ғана маман бірнеше ұшақты қадағалайды. Әр секунд, әр мезет маңызды. Мыңдаған адам алысқа аттанып, мыңдаған адам оралып жатыр. Бүгін – осы, әуе диспетчерлерінің кәсіби мерекесі.
Бүгін – халықаралық әуе диспетчерлері күні
Дильназ Тұрғазыева, тілші:
– Біз қазір Әуе айлақтық диспетчерлік орталықта тұрмыз. Дәл осы жерден мамандар әуе көлігінің ұшу-қонуын және әуежай аумағындағы қозғалысын бақылайды. Диспетчерлер экрандағы жағдайды қадағалап қана қоймай, ұшақтардың бағыты мен қозғалыс арақашықтығын да ескереді. Әсіресе әуе кемелері қатар ұшып, әуежайға қонуға бет алған сәтте дәлдік пен жедел шешімнің маңызы арта түседі.
Әуе қозғалысын басқаруда әр секундтың маңызы зор. Кез келген жағдайда диспетчердің кәсібилігі мен шапшаң әрекеті шешуші рөл атқарады.
Мейірбек Абдуллин, «Қазаэронавигация» РМК «ОҚ ӘҚҰ ӨО» филиалының ӘДО диспетчері:
– Көктемде осындай бір жағдай болды. Радиобайланыс үзіліп қалды. Алайда қонуға әлі бес минуттай уақыт бар еді. Сол уақыт ішінде біз байланысты қалпына келтіру үшін бар күшімізді салып, әрекет жасап жаттық. Ұшақ қонуға екі мильдей, яғни шамамен төрт шақырымдай қалғанда ғана пилот байланысқа шықты. Сөйтсек, ол біздің жұмыс жиілігімізді шатастырып, радиоқұрылғысын басқа жиілікке баптап қойған екен. Ол шетелдік пилот болғандықтан және бұл әуежайда күнделікті ұшып-қонбайтындықтан, мұндай жағдай оған таңсық болған.
Былтыр «Қазаэронавигация» кәсіпорны 466 мыңнан астам рейске қызмет көрсетті. Биыл да әуе қозғалысының қарқыны жоғары. Жыл басынан бері 382 мыңнан астам ұшақ ұшып-қонған. Тәулігіне 1300-ге тарта әуе кемесі келеді мұнда. Өткен жылы Қазақстанның әуе кеңістігі арқылы 290 мыңнан астам ұшақ ұшып өткен.
Ислам Жетпісбай, «ҚазАэроНавигация» РМК «ОҚ ӘҚҰ ӨО» филиалының ӘДО диспетчері:
– Транзиттік ұшақтардың көлемі шамамен 50 пайызды құрайды. 2021 жылдан бері бұл бағыт қарқынды дамып келеді. Қазақстан Еуропа мен Азияның ортасында орналасқандықтан, транзиттік әлеуеті жоғары.
Орталықта 750-ге жуық әуе диспетчері бар. Олар екі жыл сайын медициналық тексеруден өтіп, кәсіби біліктілігін растайды. Ал ағылшын тілін меңгеру деңгейі үш жылда бір рет тексеріледі. Әуе қозғалысы жиілеген сайын диспетчердің жұмысы да күрделене түседі. Әсіресе әуе кемелері бірінен соң бірі қонуға жақындағанда, диспетчерлер әр ұшақтың ұшу мен қону кезегін реттейді.
Мейірбек Абдуллин, Әуеайлақтық диспетчерлік орталығының әуе кемелері қозғалысын тікелей басқаруды жүзеге асыратын диспетчері:
– Қарапайым тілмен айтқанда, ұшу-қону жолағына үш, төрт немесе бес ұшақ бірінен соң бірі жақындап келе жатады. Олардың арасындағы ең аз арақашықтық, мысалы, он миль болуы мүмкін. Осындай кезде диспетчер қонуға келе жатқан ұшақтардың арасына ұшатын ұшақты кірістіріп, бір ұшақты қондырып, екіншісін ұшырып, келесісін қайта қондыруы керек. Мұның бәрін диспетчер нақты есептеп, үйлестіріп отырады. Өйткені мұндай жағдайда минуттар емес, секундтар шешуші рөл атқарады.
«ҚазАэроНавигация» бақылайтын әуе кеңістігінің жалпы ауданы 2,7 млн шаршы шақырым. Қазақстан көрші елдермен 76 халықаралық әуе дәлізі арқылы байланыс орнатқан. Жүктеме жоғары кезеңдерде ел аумағы арқылы бір мезетте 250-ге жуық ұшақ ұшып өтеді.