Ақмола облысында қайта өңдеу саласы қарқын алды
Ақмола облысында 251 млрд теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндірілді. Өңірде әсіресе сүт өңдеу саласы қарқын алып, құс еті мен өсімдік майының өндіріс көлемі де ұлғайған, деп хабарлайды 24KZ.
Жалпы ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласында оң өсім байқалады.
Абзал Азаматұлы, тілші:
– Көкшетаудағы мына зауыт тәулігіне 100 тоннаға жуық сүт өндіреді. Нысан толығымен автоматтандырылған. Өнімнің сапасын бақылайтын арнайы зертханасы бар. Қазір зауытта дәмі тіл үйіретін 100-ден астам сүт өнімі шығарылады. Ал дайын өнім ішкі нарыққа ғана емес, алыс-жақын шетелге де экспортталады.
Әлібек Мүреев, зауыттың бөлім басшысы:
– Біз шикізаттың көбін өзіміздің фермамыздан және жақын маңдағы ауылдардан аламыз. Осы жерде екі зертханамыз бар. Сүтті сонда тексеріп, өңдеуге жібереміз. Шикізаттың сапасы мен майлылығына қарай бөлеміз. Содан кейін ғана дайын өнім жасалады.
Абзал Азаматұлы, тілші:
– Қазір өңірде ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеумен айналысатын 70-тен астам кәсіпорын бар. Олардың қатары жыл сайын артып келеді. Мәселен, былтыр аймақта жалпы құны 15 млрд теңге болатын 13 инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Өндіріс қуатын арттырып, саланы дамытуға бағытталған бұл жұмыстар биыл да жалғасын тауып отыр.
Арман Болатов, Ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:
– Биыл облыс бойынша 28 инвестициялық жоба жүзеге асады деп жоспарланған. Жобалардың жалпы құны 38 млрд теңгеден асады. Қазір соның бірқатары іске қосылды. Айталық, басты басымдық ет және сүт өндірісіне беріліп отыр.
Абзал Азаматұлы, тілші:
– Инвестициялық жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Бұл бастамалар өңірдегі қайта өңдеу саласын дамытуға серпін беріп қана қоймай, қосымша 400-ге жуық жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.
Авторлары: Абзал Балтабаев, Евгений Шинкаренко